Менің жасым 20-да. ЖОО-ның студентімін. Намаз оқитын жігітпен арласып жүр едім. Міне бақытымды таптым деп мәз болып жүрдім. Алла маған ойымдағы жігітті жолықтырды, қолынан ұстап ол қайда жүр десе де көзімді жұмып барамын деп ойладым. Алла қандай сынақ берсе де бірге сабыр етеміз деп жүрген адамым мені зорламақшы болды. Сол жағдайдан кейін əлі өз-өзіме келе алмай жүрмін. Оның сол кездегі көзқарасы, айтқан ауыр сөздері есіме түсіп кете береді. Бір қорқынышты түс көргендеймін. Бір Алла абыройымды сақтады, шүкір! Содан соң жігіттерге мүлде сенуден қалдым. Жігітпен жеке қалудан қорқам, жалғыз ешқайда бармаймын, қашқақтаймын. Бірақ бұл жағдайды ешкімге айтпадым. Ұялдым, қорықтым.
Айта кетер жайт, жабық киініп жүрсең ешкім тиіспейді. Ер адамдар артық ой ойламайды дейді. Қайдағы... Оның алдында ешқашан ашық-шашық жүрген емеспін. Басыма тұрмысқа шықпасам да орамал тағамын. Қазір барлық ер адам зорлықшыдай көрінеді. Тіпті ұйықтап жатып жиі шошынам.
Мінезім ашық-жарқын, бірақ махаббат сезімінен қорқамын. Кезінде жараланған жүрегім əлі жазылмады. Жаңа танысуларды мүлдем қажет етпеймін. Себебі жүрегім ешбір жанға сенбейді. Менімен танысқысы келетін жігіттерден шаршадым. Жан дүниемді емес сұлулығымды сынайды. Көп жігіттердің ойында қазір бір-ақ нəрсе. Неге? Ерлі зайыптылардың өмірі сол бір ғана нәрседен тұра ма?!
Өз қарындастарына сондай қиянат қалар ме екен? Ойы таза, адал жігіт барма өзі? Намаз оқитынмын, қазір көңілім қалды. Менің күні-түні тілегенім осындай жігіт пе еді?! Өмірімді құлшылықпен өткізгім келеді. Бірақ күйзелісте жүріп, намазым алыстай бастады. Алла күнəларымды кешсе. Арманым Алланың разылығын алып, соңғы сапарым Жəннат болса. Ұзын киіп, ғайбат сөз айтпай, болашақ жарымды таң намазына оятып, оның артында тұрып таң намазын оқыған қандай бақыт. Балаларымызды нағыз мұсылман қылып өсірсек. Болашақ жарымның ата анасы-менің ата анам. Оларды Меккеге қажылыққа жіберсек. Біз Алла өмір берсе барармыз. Ана өмірге аттанарда артымнан Құран бағыштап қалар ұрпақ қалса. Əттең арманым орындаларма... Уақыт неткен тығыз... Қоршаған ортам иманымды əлсіретеді. Достарымның арасында намаз оқушылар жоқтың қасы. Кейде нəпсім иманымды жеңіп кетеді. Мына дүние қандай алдамшы еді. Алданамыз... Түзелгім келеді. Адамдардың бетіне өтірік күлуден жалықтым. Көлік, үй, байлық қажет емес. Өйткені олар бақыт əкелмейді! Машинасы, айфоны бар жігіттен жайнамазы мен тəпсісі бар жігіт қайырлы. Иманы берік, сабырлы жігітпен отбасы құрсам. Білем қиын болады, бірақ Жəннатқа жетуге тұрарлық!
Намаз оқып жүрген жігіт қиянат жасамақшы болғанда бірақ басқадан не күтем. Әзірге ол жігіт әлі төңіректеп жүр. Не кездеспеймін, кет деп айта алмаймын. Не ішкиіміме шейін жыртып, зорламақшы болған түрін ұмыта алмаймын. Тұрмысқа шыққан күнде оның қасына қалай жатамын. Жеңгем мені де ағаң зорлаған басында дейді. Бірақ менің қалауым ондай қарым-қатынас емес. Жанымды түсінер жан болса ғой... Зорлықшыны күйеу қылып отырған келіншектер бар ма екен?! Ой бөліссе екен!
Дереккөз: Алаш айнасы