03.10.2019, 21:34

Әлемде жыл сайын 1,3 млрд тонна азық-түлік қоқысқа тасталады

Фото: Qamshy.kz
Осының салдарынан әлем экономикасы жылына триллион доллар жоғалтады.

БҰҰ тамақ өнеркәсібіндегі ысырапшылыққа қарсы жаһандық кампанияны іске қосты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі БҰҰ сайтына сілтеме жасап. Әлемде жыл сайын 1,3 млрд тонна азық-түлік қоқысқа тасталады екен. БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау ұйымы азық-түлікті сақтау жағдайын өзгерту сияқты қарапайым шаралар арқылы тасталынатын қоқыс көлемін қысқартуды қолға алмақ.

Бүкіләлемдік тамақ өнеркісібі бағдарламасының дерегінше, планетадағы азық-түліктің үштен бірі жуынды жәшігіне тасталатын көрінеді. Осының салдарынан әлем экономикасы жылына триллион доллар жоғалтады.

Бүкіләлемдік тамақ өнеркісібі бағдарламасының қызметкерлері ресторандар мен дүкен иелері және қатардағы азаматтарға азық-түлікке құнттап қарауға, артық тамақты алмауға және сақтауға болатын тағамды қоқысқа тастауға асықпауға шақыруда. Әлемде жылына 4 млрд тонна азық-түлік өндіріледі. Егер орнымен жұмсалатын болса, бұл планетаның күллі тұрғындарын асырауға жетеді.

Аталмыш кампанияға танымал аспаздар тартылып жатыр. Солардың арасында Эндрю Циммерн де бар. Ол жуынды жәшігіне тасталып жатқан азық-түліктің көбін кәдеге асыруға болатынын айтады. Мәселен ол үйде балықты толықтай пайдаланады екен.

"Мен балықтың сүйектері мен басын сорпа жасауға қолданамын. Тіпті қабығын қуырып, дәмді шыжық жасауға болады" дейді ол.

Тегтер: БҰҰ