$ 498.34  519.72  4.85

Сириядан оралған әйелге сот үкімі шықты

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері мен ауыл имамын қорқытқанын жеткізді.
Фото: Азаттық
Фото: Азаттық

4 қыркүйекте Түркістан облысы Қазығұрт аудандық соты Сириядан оралған Аида Амангелдіні  Қылмыстық Кодекстің "Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру", "Қорқыту" "Құқық қорғау органы, әскеридің өміріне қол сұғушылық" бабымен кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Азаттық тілшісі сот залынан хабарлады.

Сот үкіміне сай, 1995 жылы Қазығұрт ауданында туған Аида Амангелді жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзеу мекемесінде өтейді. Сотталушы үкімге апелляциялық шағым түсірмейтінін айтты.

Аида Амангелді – 2015 жылы бес баласымен Сирияға кеткен Марат Мәуленовтың қызы. Бұрын сотталмаған. 27 қыркүйекте өткен сот тергеуінде судья Гүлмира Рахымбаева куәгерлердің жауабын және «Аида Амангелдінің Сириядан жолдаған хатына» сарапшылар жасаған қорытындыны оқып берген. Судья отырыс кезінде айыпталушы мен жәбірленушілердің (Айыптау актісіне сай, Аида Амангелді жәбірленушілерге хат жіберіп қорқытқан) татуласқанын да хабарлаған.

Прокурор Ерсін Алтаев айыпталушы Аида Амангелдіден "тағылған айыптарды мойындайсыз ба және істеген ісіңізге өкінесіз бе?" деп сұрағанда ол ойланып тұрып "айыпты мойындаймын, істеген ісіме өкінемін, кешірім беруіңізді сұраймын" деген. Содан кейін соттан прокурормен процессуалдық келісім жасағысы келетінін айтқан. 4 қыркүйек күні сотта прокурор заң талабына сай процессуалды келісімге келе алмайтынын мәлімдеді. Судья жарыссөзге көшкенде прокурор айыпталушының қылмысы "сот тергеуінде толық дәлелденгенін", Сирияда жүріп "телекоммуникация желілерін пайдаланып терроризмді насихаттағанын" айтты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері мен ауыл имамын қорқытқанын жеткізді. Прокурор айыпталушыға бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Аида Амангелді жарыссөзде "Қорқыту" "Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскеридің өміріне қол сұғушылық" бабымен тағылған айыппен келіспейтінін айтты. "Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру" бабымен жасаған қылмысына өкінетінін, қайта қайталамайтынын жеткізіп, жазасын жеңілдетуді өтінді. Айыпталушының қорғаушысы Мұсабек Байжарқынов Аида Амангелді Сирияға әкесі Марат Мәуленов пен ағасы Нұрдәулет Амангелдінің ықпалымен кеткенін, шын өкінетінін ескеруді өтінді. Ал қоғамдық қорғаушы әрі шешесі Айгүл Нысанбаева судьядан қызының денсаулығы жоқ екенін ескеріп жазасын жеңілдетуді сұрады.

Аида Амангелдінің анасы Айгүл Нысанбаеваның Азаттыққа айтуынша, 2015 жылы күйеуі Марат Мәуленов бес баласын алып, Түркия арқылы Сирияға өтіп кеткен. Күйеуі мен үлкен ұлы Сириядағы соғыста қайтыс болған. Қалған төрт баласы 2019 жылы мамыр айында "Жусан" операциясымен Қазақстанға оралған. Түркістан облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2001 жылы туған ұлы Диас Амангелдіні Қылмыстық кодекстің "терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру" бабымен алты жылға соттаған. 1997 жылы туған Абзал Амангелді Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеуінде жатыр. 5 және 9 жасар ұлдары өз қолында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Сирия