05.10.2019, 03:30

Нұр-Сұлтан-Павлодар күре жолында мал қырылып жатыр

Ақырында малынан бір айрылады, қираған көлікті жөндеп екі шығындалады.

Малды қырған күре жол! Ақмола облысының шаруалары Нұр-Сұлтан-Павлодар республикалық күре жолынан көресіні көріп отыр. Тасжолдың екі жағындағы қоршаудың дұрыс салынбауынан, кей жерінде тіпті ашық жатуынан мал жолға шығып кете береді. Ал жолға шыққан ірі қараны күре жолдағы ағыны қатты көлік қағады. Ақырында малынан бір айрылады, қираған көлікті жөндеп екі шығындалады. Адам өлген жағдайлар да бар, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Беткейде жайылып жүрген табын сиыр Ерейментау тұрғындарының малы. Қауіптен сақ болу үшін бақташы осыдан артыққа апармайды. Ен даланы кезіп жүретін жылқының да өрісі тарылған. Буыл айғырдың үйірі де Малтабар ауылынан алысқа ұзамайды. Көзден таса болса иесі дереу қайырып келеді. 

Мұхтар Салықов, шаруа: 

- Қыстан кейін апатты жағдайда тұр. Сынып, құлап жатыр, қарды көтере алмағаннан кейін. Осының арасынан мал өтіп автобанға, бізге қиын болып тұр. Малымызды ауылдың қасына тақап жаямыз. Аяқасты бірекі сағаттан кейін қайтып келеді осы жерге. Осы жылқының артында жүрміз. Қайта қайырып, қуып келеміз.   

Жағдайды ушықтырып тұрған – қоршаулар. Бір жерде тұрмайтын малға кішкене саңылау болса жетіп жатыр. Ал мұнда алаңсыз аңырайып қалған жерлері бар. 

Нұр-Сұлтан-Павлодар республикалық күре жолының шамамен 145-і шақырымы, яғни Ерейментау қаласының тұсы. Шаруалардың басын қатырып отырған да тап осы жер. Өйткені республикалық тасжол былтыр іске қосылған. Содан бері жергілікті полиция бөлімінің мәліметінше жол-көлік оқиғалары артқан. Бесеуінде адам өлген. 

Күре жолдың кесірі ауыл жұртына ауыр тиіп тұр. Ағаның жуырда ғана осы маңайда екі жылқысын қаққан. Екі бас малынан айрылғаны бір бөлек, бүлінген көлікті екі жүз мың теңгеге жөндеп берген. 

Жақсылық Рахымбеков, шаруа: 

- Анау жерде мал жүр ғой. Сол жерде ашық тесік жерлер бар. Содан кіріп кетіп, түнде таң ата қағып кетті. Екі малды қағып кетті. Машинасы майысып қалды. Кісі бәрі аман. Мал жәрайды. Соған қуанып, ақшасын төлеп бердік. 

Владимир Байрбахтың шығыны одан да көп. Осы төңіректе шаруа қожалығын дөңгелетіп отырған ол 3 миллионнан астам теңге жоғалтқан. 

Владимир Байрбах, шаруа: 

- Екі рет жол апаты болып, жылқыларым өлді. Көлік иелері сотқа беріп, мен кінәлі болып шықтым. Нәтижесінде екі жағдайда да 1 миллион 300 мың теңгеден астам қаражат төлеуге мәжбүр болдым. Малымнан айрылғаным өз алдына. 

Қоршауларға жауапты «Қазавтожол» мекемесі кінәні өздерінен емес, ауыл жұртынан іздеп отыр. Өйткені құрылыс салынғанда екі жағынан 292 шақырым қоршау қойылып, 13 мал өткелі салыныпты. Олардың айтатыны, торлы сым қоршауды тұрғындар ұрлап құртады. 

Берік Хасенов, «Қазавтожол» ҰК АҚ баспасөз қызметкері: 

- «Қазақавтодор» қызметкерлері күн сайын ол жерде патрульдеу жасайды. Сол кезде осы үй жануарларына арналған қоршаулардың шешілген фактілері тіркелген болатын. Осы жағдай бойынша біздің қызметкерлер шаруалармен әңгімелескен болатын. Ол кісілерге түсіндірген болатын. 

Осы күндері қоршаулардың құлап, қирап жатқан тұстарын ауылдықтар өздері жөндеп жүр. Мәселе осылай дүдәмал күйде тұрғанда қара айғыр қалқиған қоршауларды елер емес. Үйірімен арасынан арлы-берлі ойнақтап өтіп жүр. Ал жылқылардың қай тесіктен өтіп келгені белгісіз, әйтеуір күрежолдағы жолақшыларға телміріп қалған. Аңқау жануар қас қарая өмірін қауіпке тігерін қайдан білсін...

 

Тегтер: Нұрсұлтан