Қарағандының Достық үйінде Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Жаңғыру жолы» аймақтық штабының аясында жастардың келелі стартаптарының тұсаукесері» жобасы өткізілді. Жобаның негізгі мақсаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде бастауыш жобаларды насихаттау арқылы жастарды белсенді әлеуметтік өмірге ынталандыру.
Игілігі мол шараның қатысушылары форсайт-алаңда меценаттар мен инвесторлардың сараптамасы мен қолдауын қажет ететін өзекті «Start-up» жобалардың тұсауын кесіп, жұмыстарымен таныстырды. Достық үйінің Атриум залында қолөнершілердің, жастар стартапшылардың өнімдер көрмесі ұйымдастырылды.
Шараға "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілі Әсел Атабаева, "Natige" және "VOLT 220" компаниясының құрылтайшысы Ерлан Әшім, Азаматтық бастамалар орталығының басшысы Наталья Красникова, "Рухани жаңғыру" кеңсесінің менеджері, "Pixel"жобалау студиясының жетекшісі Абай Оторбаев қатысып, бизнесті ашу және оны дамыту тәжірибесімен бөлісіп, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары және жастар саясаты туралы айтып берді.Сондай-ақ, жалынды жастардың жаңа жобасына қолдау көрсетті. Іс-шара «Жаңғыру жолы» РЖҚ аймақтық штабының өкілдері, этномәдени бірлестіктер, студенттер, оқушылар, кәсіпкерлер және Қарағанды облысының белсенді жастары үшін арнайы өткізілген болатын. Шарада әрбір қатысушы халықты жаңа жобасымен таныстырып, болашаққа қойған мақсаттармен бөлісті. Әрбір қатысушыға жоба бойынша сұрақтар қойылып, кәсіптерінің сәтті жене кем тұстарына назар аударылды.
Айта кетейік, жобаға 18-29 жас аралығындағы жастар қатысқан болатын. Идеяларын әлеуметтік жоба ретінде ұсынған 3 мыңға жуық авторға грант ұтып алу мүмкіндігі берілді. Мемлекеттік грантты ұтып алып, бүгінде өз кәсібін алға сүйреп жүргендердің бірі Айым Итбаева. Айым арнайы құрылғының көмегімен құс жұмыртқаларын бақылай отырып, балапандардың өсіп-жетілуіне жағдай жасайды.
"Құс шаруашылығымен айналысу ауылдық мекендерге өте ыңғайлы кәсіп. Гранттың арқасында біз арнайы құрылғы сатып алдық. Ендігі кезекте 300-жуық құсқа қолайлы орта жасап, жем-суымен қамтамасыз етіп отырмыз. Болашақта бұл кәсіпті әрі қарай дөңгелетіп үлкейткіміз келеді", - дейді жас кәсіпкер.
Барлық қатысушылардың аса дайындықпен келгені бірден байқалды. Олар өз жоспарларымен бейнеролик арқылы бөлісіп, таныстырды. Сондай ақ, өздерін еліміздің белгілі кәсіпкерлері де қолдайды деп сенеді.
Семинар соңында үздік стартап-жобалар жарияланып және барлық қатысушыларға сертификаттар таратылды. Биыл Жастар жылы болғандықтан, елімізде жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған жобалар кеңінен қолға алынуда. Сондықтан да, бұл жоба жастарымызға өз идеяларын көпшілік алдында таныстыра отырып, кешенді қолдау табуына зор үлес қосады. Осындай жобалар жыл сайын өз жалғасын тауып, тың жобалармен толығатын болады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қарағанды өңірінде облыстық Ассамблеяның ұйымдастыруымен екі мәрте «Сарыарқа жастары» форумы өткен болатын. Онда жастар өздерінің әлеуметтік жобаларын ұсынып, іріктелген үздіктері бүгінгі аталмыш шарада таныстырылды.