$ 447.4  477.55  4.76

Қарағандыда «Social Trust әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі» атты семинар өтті

Жоба жергілікті қоғамның дамуына үлес тигізіп, өз бизнесін ашуға талпынған кез-келген жастағы және топтағы азаматтарға бағытталған.

Қарағандының Достық үйінде Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Social Trust әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі» кезекті семинары өтуде. Себебі, ​ бұл шара осыған дейін Қарағандыда екі мәрте өткен болатын.

Аталмыш жобаның негізгі мақсаты – қоғамның өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған, әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға, бизнес негіздерін үйренуге, жеке бизнес ашып, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және инновациялық идеяларды жүзеге асыруға талпынған болашақ кәсіпкерлерга практикалық түрде көмек көрсетіп, кеңес беру.

Семинар барысында этномәдени бірлестік өкілдері, зейнет жасынан асқандар, жаңа кәсіп бастаушылар және ЖОО түлектерінен құралған қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерліктің негізі жайында теориялық және практикалық білім алады, бизнес-жоспарлауды және өндірістік шеберханаларды құру дағдыларын үйренеді.

Жоба жергілікті қоғамның дамуына үлес тигізіп, өз бизнесін ашуға талпынған кез-келген жастағы және топтағы азаматтарға бағытталған. Семинар бағдарламасы арнайы таныстыру презентацияларынан, дискуссиялардан, тәжірбиелі кәсіпкерлермен еркін форматта кездесу, Қазақстандағы кәсіпкерлікті қолдаушы ұйым өкілдерімен сұхбаттан тұрады. Social Trust мектебінің тренері - Шығыс Гуманитарлық институтның «әлеуметтік жұмыскер» мамандығының түлегі, 100 жаңа есім жобасының үздігі және Қазақстандағы бірегей пилоттық жоба «Green TAL» әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы - Эмин Аскеров. Бүгінде аталмыш шеберхана жеті бағытта қызмет етеді: ағаш шеберлігі, дәнекерлеу және тігін цехтары, сайттарды құру бойынша IT қызметтері,​ тоқу және қабырғаларды безендіру, полиграфия. Әлеуметтік шеберхана халықтың әлеуметтік осал топтарын оқыту және жұмысқа орналастыру мәселесін шешеді және мұнда 34 қызметкер жұмыс істейді, оның 29-і әлеуметтік санатқа жатады.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл​ тек әлеуметтік әлсіз жандарды​ жұмыспен қамтамасыз ету деп ойлау дұрыс емес. Бұл қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты тақырыптар. Мысалы, экология, жұмыссыздық, мәдениет, білім беру.​ Біздің мақсат- қалай да ақша табу емес, қандай да бір өзекті мәселені коммерциялық жолмен шешу» - дейді Эмин Аскеров.

Бұл күні Эмин Аскеровтен сабақ пен кеңес алу үшін​ қарағандылық Гүлназ Ибраева да келді. Әлеуметтік желіден хабардар болып келген жас ана декреттік демалыста отырып, той көйлектері бизнесімен айналысуды армандайды екен. Семинар арқылы кәсіпті бастау жолын үйренсем дейді.

Ұйымдастырушылар бұл орайда жобаға​ қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы білімдерін тереңдетіп, жеке әлеуметтік кәсіпорындарын ашып, дамыта алады деген сенімде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#семинар