Ақ халаттылар кездейсоқ жасалынған рентген түсірілімі кезінде нәрестенің асқазан тұсындағы темір затты анықтаған, деп хабарлайды elitar.kz.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылардың айтуынша, шеге жұтып қойған баланың ата-анасы алғашқыда баласының буын ауруы бойынша Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасындағы дәрігерлерге шағымданып келген. Ауруханадағы ортопед мамандар ұршықтың рентгені жасалған кезінде асқазан ішек жолындағы темір затты кездейсоқ анықтап, балаға ішек жолының тесілу қаупі төнгеннен кейін шұғыл түрде ота жасаған.
Операция кезінде хирургтар лапароскопиялық тәсілмен және электронды оптикалық рентген аппаратымен шегенің орналасқан аумағын айқындап, асқазан тұсындағы бөгде затты хирургиялық жолмен алып шыққан. Жабық түрде жасалған отадан кейін баланың жағдайы жақсарып, балалар ауруханасында бір аптаға жуық ем қабылдап шықты.
Күрделі отаны Шымкент қалалық балалар ауруханасының білікті дәрігерлері: Сұлтанғали Сарыбай, Амантаев Жақсылық, Құрманалиев Асанбай жасады.
Туыстарының айтуынша, бала шегені ойнап жүріп ауызына салып жіберген болуы мүмкін.
Білікті дәрігерлердің медициналық тексеру кезінде баланың асқазан тұсынан темір зат анықталып, баланың өміріне төнген қауіп алдын алынды.