14.12.2015, 05:00

Автобустың бір адамдық дәретханасына 5 қырғыз жасырынып, Астанаға келмек болған

«Мерке» бақылау бекетінің «Сыпатай батыр авто» бөлімшесінде кеше түнгі сағат 03.40-та «Астана – Бішкек» бағытымен кетіп бара жатқан жолаушылар автобусын тексеру барысында шекара наряды ерекше оқиғаға тап болды. Автобустың 1 адам әрең сиятын дәретханасын тексеру кезінде тәртіп сақшылары 5 бірдей қырғыз азаматының жасырынып отырғанын анықтаған.

«Автобустың оң жақ қапталында орналасқан, «Жұмыс істемейді» деген хабарландыру ілініп, құлыпталынып тұрған әжетхананың кілтін автобус жүргізушілері ұзақ іздеді. Шекарашылар талаптарын қатаң түрде қоя бастаған кезде барып әжетхананың есігі ашылды. Кіп-кішкентай қуысқа 5 адам тығылып алыпты. Тексеру барысында олардың Қырғыз Республикасының азаматтары екендігі анықталды. Үшеуінің миграциялық карточкалары жоқ, ал екеуі мүлдем құжатсыз» делінген ҚР ҰҚК Шекара қызметі таратқан хабарламада.

Ұсталған шетел азаматтарын ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр, ал 30 жастағы және 24 жастағы екі жүргізушінің (екеуі де Қырғыз Республикасының азаматтары) істері заңсыз миграцияны ұйымдастырғандары үшін ҚР Қылмыс кодексінің 394-бабының 1-бөлігі бойынша тексерілетін болады.