09.10.2019, 16:15

«Аузым қазір дұрыс ашылмайды»: 17 жаста тұрмыс құрған келіншек жанайқайын жеткізді

фото: stolica-s.su
Күйеуімнің маған істемегені жоқ. Өзгелермен жүрді де, ұрып-соқты да.

17 жасында тұрмысқа шығып, үш бала босанған келіншек күйеуінен көрген қорлықтары туралы айтып, көптен көмек сұрады. Күйеуінен таяқ жегені сонша, ол тіпті жағына ота жасатуға мәжбүр болған деп жазады KAZ.NUR.KZ. Келіншектің жанайқайы Instagram желісіндегі Үшбу хат парақшасына жарияланған.

«Жасым 23-те, 3 баланың анасымын. Алланың маңдайға жазғаны шығар, 17 жасымда балаларымның әкесіне сүйіп қосылдым. Бірақ, күйеуімнің маған істемегені жоқ. Өзгелермен жүрді де, ұрып-соқты да. Бәріне көніп, ажыраспауға тырыстым. Шыдамым жетер емес.

Күйеуім болар-болмас жұрттың өсегіне еріп, көре алмайтын достарының сөзін артық көріп, мені өлімші етіп ұрып тастады. Арасында ішкені де бар. Тіпті, денсаулығыма зақым келгені сонша жағыма операция жасаттым. Сынығы біткенше бір айға тісімді құрсаулап тастады. Аузым қазір дұрыс ашылмайды.

Бұл жағдайдың бәрі балалардың көзінше болды. Өзім қиналып жатсам да соларды тыныштандыруға тырыстым. Ол соны көріп тұрып мені теуіп жатты. Енді балаларым сол жағдайды ұмытпайды, айта береді. Күйеуім бір айдан кейін ғана кешірім сұрап келді. Оған дейін жағдайымды да сұрамады.

Мұндайда не істеуге болады? Тіпті, не ойларымды да білмеймін. Маған айтқан әрбір ақылдарыңыз, тілектеріңіз, демеулеріңіз қуат берер деген ниетпен жазып отырмын.

Менің кино сияқты өмірімнен жазғанымды оқып, уақыт бөліп жазып жатсаңыз рахмет!», - деп келіншек оқырмандардан кеңес сұрады.