Жамбыл облысында жыл басынан бері 192 жасөспірім жүкті болған. Олардың 78-і мектепте оқитын қыздар көрінеді. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің жұмыс тобының облыстағы кеңейтілген отырысында айтылды, деп жазады Holanews.kz.
Балалардың құқықтарын қорғау кеңесінің сараптамалық тобы бүгінгі таңда 11 өңірге барып, олардың әрқайсысында орта есеппен 11-13 аудан және қалалардағы, шалғай ауылдардағы жағдаймен танысып, әр облыста 90-ға дейінгі әлеуметтік нысан мен балалар мекемелерінің жұмысын зерттепті.
«Жамбыл облысында жыл басынан бері 192 жасөспірім жүкті болған. Олардың 78-і мектепте оқитын қыздар. Балалар өміріне қатысты отбасы, мектеп, мектепке дейінгі мекемелер, көшелер, аулаларды зерделей отырып, біз «Бақытты отбасы» Жол картасына балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі іс-шараларды ұсынамыз. Бұл, бірінші кезекте балалар қараусыздығы, суицидтің және балалар қылмысының алдын алу, сонымен қатар тиісті инфрақұрылымды қамтамасыз ету мен балаларға қауіпсіз жағдай жасау жөніндегі іс-шаралар», - деді Рысты Мағауияқызы.
«Nur Otan» партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің жұмыс тобының жетекшісі Рысты Жұмабекова жұмыс тобы балаларға ең қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау мәселелерін сараптайтынын алға тартты.