Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданында Арыс маңындағы полигонда қаза тапқан майор Аманжол Ақышевті соңғы сапарға шығарып салды. Жерлеу рәсіміне қорғаныс министрлігінің өкілдері, бірге қызметтес болған әріптестері қатысты.
- Бұл суық хабар бәріміздің жүрегімізге ауыр тиді. Осындай кезде сарбаздан айырылу оңай емес. Бірақ ол офицер ретінде борышын орындап, қаза тапты, - деді қарулы күштер бас штабы бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов. Ол қайтыс болған майордың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтты.
Осыдан екі күн бұрын Арыс қаласы маңындағы полигонда оқ-дәрі бөлшектерін жою кезінде "оқ-дәрі фрагменті" жарылып, соның салдарынан әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы, майор Аманжол Ақышев қаза тапқан.
Аманжол Ақышев 1986 жылы СҚО облысы Мамлют ауданы Афонькино ауылында туған. Оның артында әйелі мен екі баласы қалды. Жерлеу рәсімінің шығындарын қорғаныс министрлігі өтейді, марқұмның отбасына материалдық және әлеуметтік көмек берілмек.
24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген.
Осы оқиғадан соң елдегі әскери қоймалардың жағдайы мен қойма маңындағы тұрғындар қауіпсіздігі туралы мәселе көтеріле бастаған.
13 қыркүйекте Арыс қаласында әскери қойма аумағын тазарту кезінде оқ-дәрі бөлшектері жарылып, төрт әскери жараланды.
Дереккөз: Азаттық