$ 444.32  473.33  4.76

Оралда пациентті көшеге шығарып тастады (ВИДЕО)

Санитарлар мен медициналық қызметкерлері үлгермей, күзетшілерден пациентті хирургия бөлімінің қабылдау бөлімінен терапевтік бөлімге алып баруын сұрайды.


Оралда облыстық аурухана күзетшілері науқасты көшеге алып шығып, тастап кеткен. Оқиғаны сол жерде болған куәгер видеоға түсіріп алған. Артынша БҚО денсаулық сақтау басқармасындағылар мән-жайды түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz «Уральская неделья» басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға 13 қазанда орын алған. Видео авторының сөзінше, күзетшілер көшеге киімдерді алып шығып, бұрышқа қойып қойған. Артынша науқасты қоларбамен алып шығыпты. Айтуынша, ер адам мас болмаған. Тек сырт келбетінен күтінбегені көрінеді, дейді.

«Мен такси жүргізушісімен сөйлесіп тұрып, қоларбада жатқан адамның футболка мен спорттық шалбар кигенін көріп қалдым. Жеңіл әрі ауа райына сәйкес киінбеген. Күзетшілер оны жерде жатқан киім жаққа алып барды. Сол кезде оны сол жерде қалдырып кетпек екенін ұқтым. Біз ұялы телефонымызды алып, күзетшілермен ұрыса бастадық. Содан кейін олар ер адамды ауруханаға қайтадан алып кірді», - дейді видео авторы.

БҚО денсаулық сақтау басқармасындағылар желіде тараған видеоға қатысты пікір білдіріп, оқиғаның мән-жайын баяндап берді.

Мейіргердің түсініктемесінде көрсетілгендей, сол күні бөлімге түскен науқастар көп болыпты. Сондықтан санитарлар мен медициналық қызметкерлері үлгермей, күзетшілерден пациентті хирургия бөлімінің қабылдау бөлімінен терапевтік бөлімге алып баруын сұрайды. 

«Бұл күні екі күзетші алғаш рет жұмысқа шыққан еді. Ал мейіргердің жұмыс істеп жүргенін екі ай болды. Пациент жағы зақымданған деген күдікпен ауруханаға түнгі сағат 00:30-да түсті. Оны бірден жақ сүйек-бет хирургі қарап, зақымдалмағанын анықтады. Мұнан кейін пациентті таңертеңге дейін қабылдау бөлімінде ұстау туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар оған дәрі тамызғышпен дәрі берген. Себебі, ол таяуда ішімдікті көп ішіпті», - дейді денсаулық сақтау басқармасындағылар. 

Олардың мәліметінше, ер адамды ауруханаға жатқызудың себебі болмаған. Ал, пациенттің баратын жері болмапты. Сондықтан таңертең кезекші дәрігер оны терапевтік бөлімге ауыстыру туралы шешім қабылдаған.

«Мейіргер ер адамды қайда апару керектігін түсіндірген. Алайда, күзетшілер түсінбей, корпустарда шатасып, ер адамды көше арқылы алып баруды ұйғарыпты. Осылайша, видеодағы жағдай орын алды. Оларды камераға түсіре бастағаннан кейін, күзетшілер не істерін білмей, қайтадан қабылдау бөліміне бармақ болған», - дейді басқармадағылар.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасындағылар бас-аяғы жоқ видеоға қарап, асығыс шешім жасамауды сұрады. 

«Пациент қабылдау бөліміне түнгі сағат 00:30-да түскен. Егер пікір қалдырушылар жазғандай, дәрігерлер «адам емес» болса, олар пациентке бастапқыдан-ақ көмек көрсетпей, түнде, көшеде адам жоқ кезде шығарып тастайтын еді», - дейді БҚО денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Белгілі болғандай, науқас 53 жастағы Арман Досжанов болып шықты. Қазіргі уақытта ол жарақат бөлімінде жатыр. Ол әрең сөйлеп, басының жарақаттанғанын айтып шағымданады. Үйсіз-күйсіз ер адам соққыға жығылған болуы мүмкін деп топшылануда.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары