$ 494.87  520.65  4.91

Жеке клиникада қайтыс болған ақтөбелік келіншектің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Былтыр отасқан жас жұбайлардың арманы орындалмады. Сәби сүюді аңсаған Айдостың келіншегі жеке клиникаға жүгінуді жөн санаған.

Ақтөбеде жеке клиникада қайтыс болған келіншектің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды КТК арнасы.  

20 жастағы Гүлдана Нұрмағанбетова гинеколог мамандардан ем алмақшы болған. Бірақ екпе салғаннан-ақ өзін жайсыз сезініпті. Соған қарамастан, дәрігерлер әйелдің жатырын тазартуға кіріседі. Сол арада ол үзіліп кеткен. Енді марқұмның туыстары бұған емханадағыларды кінәлап отыр. 

"Менің жарым, үйленгенімізге бір жарым жыл болды. Студент, 20 жаста", - дейді күйеуі Айдос Нұрмағанбетов.  

Былтыр отасқан жас жұбайлардың арманы орындалмады. Сәби сүюді аңсаған Айдостың келіншегі жеке клиникаға жүгінуді жөн санаған. Ондағы мамандар Гүлдананың жатыр жолын тазарту керектігін айтады. Сол бойда екпе салып, гидротрубация деп аталатын емге кіріскен кезде үзіліп кетеді. Қайтыс болған келіншектің күйеуінің сөзінше, келіншегі дәрі еккен бойда өзін жайсыз сезініп ақсаңдап қалған. Оған мамандар мән бермепті. Тіпті дәрі саларда сынама да жасамаған. 

"Бірақ бізбен ақылдасқан жоқ. Аллергия бар ма деп сұраған да жоқ. Жамбасына укол берді де, ол жарты сағат бойы шамалы ақсап жүрді. Жатыр түтігін тазартамыз деп  алып кетті. Бес минуттық процесс, кіреді де шығады. Ішке кірді де, бес минут өтті, әйелім қатты шыңғырды. Дауысы деген қатты шықты. Іштегі адамдар бәрі естіді", - дейді күйеуі.  

Мамандар Гүлдана Нұрмағанбетова анафилактикалық шоктан қайтыс болды деп отыр. Ал "Әлия" деп аталатын жеке клиникадағылар сынама жасамағандарын мойындайды. Бірақ ол препаратты қолданарда ондай тексеруден өткізу "міндетті еместігін" айтады.  

"Жас келіншек бұрын да бізге келген. Аллергиялық реакциясы жоқ болатын. Біздің салған екпе осы жағдайда себеп болып отыр. Бұл препаратқа сынама жасалмайды. Тексеру жүріп жатыр. Бұдан басқа айтарым жоқ", - дейді медициналық орталық директоры Әлия Шаңғараева. 

Келіншектің өліміне қатысты ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады. Денсаулық сақтау басқармасы да тексеріп жатыр. Енді олар өлімнің нақты себебі мен кінәлілерді анықтайтын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары