Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының директоры Дариға Назарбаева Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Қатерлі ісікпен күрес көшбасшыларының дүниежүзілік саммиті аясында бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоғарғы палата басшысы Иордания Хашимит Корольдігінің патшайымы, Қатерлі ісікті халықаралық бақылау одағының президенті Дина Миредпен кездесті.
Тараптар Тұңғыш Президент Қорының және Король Хусейннің Обырмен күрес қорымен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. «Тұңғыш Президент Қоры денсаулық сақтау және жастардың ғылыми зерттеулерімен бірге түрлі бағыттардағы жобаларды қаржыландырады. Қордың директоры ретінде біздің ұйымдардың ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамын. Біз онкология мәселелерін зерттеу саласындағы жұмысымызды күшейтуге ықыластымыз», - деді Дариға Назарбаева.
Сондай-ақ, Сенаты төрағасы саммит аясында Түрік Республикасының бірінші ханымы Эмине Ердоғанмен жүздесті. Дариға Назарбаева ұлттық және әлемдік ауқымдағы онкологиялық сырқаттарды зерттеу, диагноз жасау және емдеудің маңыздылығын атап өте келіп, шараға қатысқаны үшін алғысын білдірді.
Эмине Ердоған өз кезегінде саммиттің ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалап, денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты қалыптастыруды ұсынды.
«Қазақстан мен Түркияны достық және бауырластық қарым-қатынастар ғана емес, әріптестік қатынастар да байланыстырады. Біздің елдеріміз көптеген салалар бойынша нәтижелі ынтымақтасып келеді. Сондықтан саммиттің қорытындысы бойынша медицина саласындағы ынтымақтастық пен өзара тиімді байланыстардың нығаятынына сенімдімін», - деп атап өтті
Түркия Республикасының бірінші ханымы Эмине Ердоған. Дариға Назарбаеваның Буркина-Фасоның бірінші ханымы Аджови Сика Каборемен кездесуі де Қатерлі ісікпен күрес көшбасшыларының дүниежүзілік саммиті аясында болды. Сенат Төрағасы жүздесу барысында Қазақстанда онкологиялық аурулармен күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлім етті.
Д. Назарбаеваның айтуынша, Елбасының тапсырмасы бойынша 2018-2022 жылдарға арналған жоғары технологиялық медициналық қызметтерге қолжетімділікті ұлғайту, диагностика мен емдеудің инновациялық әдістерін енгізу, кадрлық ресурстарды дамыту, онкология саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің кешенді жоспары бекітілген болатын.
Аджови Сика Каборе өз кезегінде азаматтардың денсаулығын сақтау бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Бірінші ханым онкологиялық ауруларға қарсы күрес саласындағы Қазақстанның тәжірибесін үйренуге әзірліктерін білдірді.