25 жастағы жүргізуші «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ұсталған, деп хабарлайды elitar.kz.
Жамбыл облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тараз тұрғыны 2018 жылдың соңында қарсы қозғалыс жолағына шығып, жол ережесін бұзғаны үшін көлік жүргізу құқығынан айырылған. Соған қарамастан, қоғамдық көлік тізгіндеп келген. Бұл туралы жұмыс беруші хабарсыз болған.
«Жүргізуші куәлігінсіз жүрген азаматтың күнделікті тасымал барысында сыртқы жарығы жоқ көлікті басқарып жүргендігі белгілі болды. Оның осыған дейін жол ережесін бұзғаны үшін сегіз рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Бұл жүргізушіге қатысты екі хаттама толтырылды. Ол бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы
Кодексіне орай 3 айлық және 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Оның басқаруындағы қоғамдық көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды», - деді Тараз қалалық ІІБ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны Нұржан Керебаев.
Бұдан өзге. жол-техникалық инспекция бөлімінің мамандары осы маршруттық автобустың техникалық жағдайы мен пайдаланылуына, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелерін орындамағаны үшін жауапты жеке кәсіпкер де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.