$ 498.34  519.72  4.85

Еліміз «азаматтық белсенділікті қудалайтын» 5 мемлекет қатарына кірді

Тізімде Қазақстаннан бөлек Қытай, Египет, Колумбия, Гвинея бар.
Фото: Азаттық
Фото: Азаттық

Халықаралық CIVICUS азаматтық қоғамды қолдау тобы Қазақстанда пікір айту еркіндігі, бейбіт жиналу құқығы шектелгенін мәлімдеп, азаматтық белсенділердің қуғындалуына алаңдаушылық білдірді, деп жазады Азаттық.

17 қазанда жариялаған мәлімдемесінде ұйым Қазақстанды "азаматтық белсенділікті қудалайтын" бес мемлекеттер қатарына қосқан. Тізімде Қазақстаннан бөлек Қытай, Египет, Колумбия, Гвинея бар.

Назарбаев тұсында елде пікір айту еркіндігі және бейбіт жиналу құқығы шектелді деп еске салған CIVICUS билік ауысқанмен наразылықты күшпен басу "жаңа деңгейге жетті" деп жазады. Бақылау тобы кезектен тыс президент сайлауы кезіндегі наразыларды ұстау оқиғасын ерекше атап өткен.

"Бірнеше күнге созылған наразылық кезінде полиция және арнайы жасақ бейбіт шеруге шыққан бірнеше мың бейбіт азаматты ұстады, кейбіріне күш қолданды. Бұған қоса, билік әлеуметтік желілер мен мессенжерлерді бұғаттап, бейбіт митингіден ақпарат таратқан журналистердің жұмысына кедергі келтірді. Президент сайлауынан кейін күштік құрылымдар және қауіпсіздік қызметінің өкілдері сайлау кезінде заңбұзушылықтарды құжатқа түсірген тәуелсіз бақылаушыларға қысым көрсетті. Бұл қуғын-сүргін сайлау мен Тоқаевтың басқару кезеңіне көлеңкесін түсірді" делінген құқық қорғау тобының мәлімдемесінде.

Президент сайлауында билікке қарсылық пен мыңдаған адамның сайлау әділетсіздігі жайлы наразылығына қарамастан Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз деп танылды. Тоқаевты кандидат ретінде елді отыз жылдай басқарып, наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған. Халықаралық бақылаушылар сайлау кезінде заң бұзу фактілері болғанын айтып, полицияның наразылыққа шыққандарды жаппай ұстауын сынады. Жергілікті бақылаушылар да сайлау учаскелерінде бюллетеньдерді топтап тастау фактілері мен алдын ала белгіленген бюллетеньдер жайлы айтса да, сот олардың арызын қанағаттандырмады. Ал сайлаудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев елде азаматтардың "пікір білдіру бостандығы толық сақталып отыр" деп мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары