19.10.2019, 09:00

«13,5 мың үйге тартылады»: елордаға газ жақындап қалды

фото: inform.kz
Қаланы газдандыру үш кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда бірінші кезек бойынша құбырларды тарту мен газреттегіш пункттердің дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы аясында қалада атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаланы газдандыру үш кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда бірінші кезек бойынша құбырларды тарту мен газреттегіш пункттердің дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның бірінші кезегінде ЖЭО-1, 2, 3, «Көктал-1, 2» тұрғын алаптары, Агроқалашық, Теміржолшылар кенті, Оңтүстік-Шығыс (оң және сол жақ беті) шағынауданына дейін газреттегіш желілерге газ беру жоспарланып отыр. Үйлердің саны 13,5 мыңды құрайды», - делінген Нұр-Сұлтан әкімдігінің ақпаратында.

Келесі кезең бойынша Мичурино, Интернационалды, Күйгенжар (1-2 ПК), Тельман (3-ші ПК), Қаламаңы кенті, Garden Village және Family Village-ге (4-ші ПК) газ тартылады.

Үшінші кезекте Ильинка (1-2-ші ПК), Шұбар (3- ПК), Өндіріс (4-ші ПК) тұрғын алаптары газдандырылатын болады.

«Газ жүргізу – қалаға зиянды қалдықтардың шығарылуын 6 есеге, қатты қалдықтарды 40 мың тоннаға дейін азайтуға септігін тигізеді», - деді әкімдіктен.