31 жастағы қазақстандық спортшы Жалғас Жұмағұлов 19 қазанда Сочиде өткен Fight Nights Global 95 турнирінде 34 жастағы ресейлік Али Багаутиновты жеңді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жұмағұлов аса жеңіл салмақтағы Fight Night Global чемпионы титулын қорғап қалды. Жекпе-жек бес раундқа созылды. Ұрыс қорытындысы бойынша төрешілердің басым бөлігі жеңісті қазақстандыққа берді. Енді Жұмағұловтың қоржынында 13 жеңіс, үш жеңіліс бар. Жекпе-жектен кейін Али Бағаутинов оның командасы апелляция беретінін мәлімдеді.
«Айтарға сөзім жоқ. Барлық маман мені жеңді деп айтып жатыр. Бірақ төрешілердің шешімімен дауласпаймын. Біз менің командаммен апелляция береміз. Менің жекпе-жегім үшін қаншама ақша тігілді. Мүмкін, Жалғасқа жанкүйер болғандар көп ақша жеңіп алған болар. Бұл қаражатты олар қайырымдылыққа, мұқтаж балаларға мен науқастарға берсін», - деді Багаутинов.
Жұмағұловтың қарсыласы бұрын UFC белбеуіне үміткер болған. Әлемдегі ең беделді промоутерлік компаниясымен Багаутинов жеті жекпе-жек өткізді, олардың төртеуінде жеңіске жетіп, үшеуінен жеңіліс тапты. Ал осы Сочиде өткен жекпе-жектен кейін ресейлік спортшының қоржынында 19 жеңіс пен жеті жеңіліс бар. Сондай-ақ, Fight Night Global 95 аясында тағы үш қазақстандық спортшы өнер көрсетті. Еркінбек Инжель ресейлік Давид Бархударяннан жеңіліп қалды, ал Нұрбек Қабдрахманов отандасы Федор Бабичті жеңді.