20.10.2019, 22:42

Емізікті қай жаста қолдану керек?

Фото: Ps.polzovatel.ru
Дәрігерлердің айтуынша, баланың сору рефлексі толық дамуы үшін емізік беру керек.

Мамандар емізіктің бала денсаулығына тигізер зиянымен қоса, оны дұрыс қолданса, пайдасы бар екенін айтып берді, деп хабарлай Алтайньюс.

Дәрігерлердің айтуынша, баланың сору рефлексі толық дамуы үшін емізік беру керек.

Емізікті қай жаста қолдану керек?

Емізікті ана сүті шығып, жеткілікті сүт қоры жиналғанда және бала емуді үйрене бастағанда беру керек. Бұл 3-4 апта ғана созылуы қажет. Бала емізікті басқа кезеңде қолданса, ана сүтінің шығу процесін бұзады. 1,5 жастан асқан балаға емізік бермеген жөн. Оны көп уақыт қолданса, жоғары және төменгі жақтағы тістері толық жанаспай, қисық бітуіне әсер етеді, – дейді мамандар

Дәрігерлерге сенсек, емізікті көп уақыт қолданған балада афтоз, кандидоз стоматит сияқты ауыз қуысының аурулары пайда болуы мүмкін. Себебі емізікке де күтім керек. Кей ата-ана емізікті балаға бермес бұрын, өзінің аузына салады. Педиатрлардың айтуынша, ересек адамның сілекейі арқылы балаға көптеген ауру жұғады. Мысалы, тісжегі (кариес) сияқты ауруы берілуі мүмкін.

Емізікті қалай таңдау керек?

Бала тісі анасын емгенде дұрыс бітеді. Ал емізіктен болатын көп мәселені болдырмау үшін оны дұрыс таңдау керек.

«Сол үшін ортопедия, ортодентия және анотомия емізіктерін қолдануға кеңес беремін. Оны таңдаған кезде үнемі жуғанда, ыстық суға салғанда қаншалықты төзімді екеніне қарау керек»

Емізікке тәтті жағып беру дұрыс па?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша, балаға екі жасқа толғанға дейін тәтті, ащы, қышқыл тағам беруге болмайды. Негізі бала алты айынан бастап тамақ іше бастайды. Соған дейін ол тәтті, ащы, қышқыл тағамдардың дәмін татып көрмеуі керек.

«Қазір көп ата-анадан естиміз – емізікке тосап, бал жағып береді екен. Ол баланың тағамға қызығушылығын жоғалтады. Ең қорқыныштысы – баланы тәтті, ащы тағамға ерте үйрету аллергия мен ортопедия дермотиті сияқты ауру тудыруы мүмкін»

Емізіктің пайдасы қандай?

Кейде емізікті баланы тыныштандыру құралы ретінде қолдануға болады. Бала көзіне көрінгеннің бәрін ұстап, аузына салып көргісі келеді. Сондай кезде емізік құтқарады. Әсіресе, далада, емханада жүргенде, балаға емізік беріп қойған жөн.

Педиатрлар ата-аналарға баланы жұбатудың емізіктен басқа да жолдарын қолдануға кеңес берді.

«Бала жылап жатса, аузына емізік беріп қоймай, құшақтап, басқа нәрсеге алдандырып, ойнатуға да болады».

Тегтер: сәби