Оңтүстік Кореяда автокөлікпен баланы қағып, елден қашқан Қазақстан азаматы 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін – оған бірнеше айып тағылып отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Аталған іс бойынша тергеу амалдарының мән-жайы сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте айтылды.
"Бұл резонансты оқиға болды, біздің консул тергеушімен кездесу өткізді. Сондай-ақ Қазақстан азаматымен екі рет кездесті. Оның қамауда ұстау жағдайына байланысты ешқандай шағымы жоқ. Тергеу тарапынан қандай да бір қысым көрмеген.
Тергеушімен кездесу қорытындысы бойынша оған бірнеше айып тағылған. Бұл – оқиға орнынан қашу, көлік құралын тіркеу кезіндегі міндеттемелерді бұзу, сақтандырудың, сондай-ақ жүргізуші куәлігінің болмауы.
Корей тарапының мәліметі бойынша, айыпталушыны жалпы 5 жылға бас бостандығынан айыру, немесе айыппұл төлеу жазасы күтіп тұр", – деді СІМ ресми өкілі Әйбек Смадияров.
Ол сондай-ақ Қазақстан елшілігінің өз азаматына жақсы жеке қорғаушы табуға көмектесіп жатқанын жеткізіп, бұл мәселе елшіліктің ерекше бақылауында екенін алға тартты.
Еске сала кетейік, Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген 20 жастағы қазақстандық 20 қыркүйекте 7 жасар оқушыны жалға алған көлікпен қағып кетіп, оқиға орнынан кетіп қалған.