$ 494.87  520.65  4.91

Елордадағы қоқыс жинау мәселесі: Қазақстанды дамыған елдерден не ерекшелейді?

Қоқысты қайта өңдеуден қала билігі теріс айналып отырған жоқ, қайта қуаттайды. Әйткен­мен, қолданыстағы тарифте тек тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, шығаруға және көмуге ғана шығыстар ескерілгенін, ал ТҚҚ-ны қайта өңдеуге және кә­деге жаратуға шығыстар оның құрамында қарастырылмағанын айтады.

Нұр-Сұлтан қаласында қоқыс жинау және әкету тарифтері көтеріл­мек. Нақ­тылай кетсек, жайлы жаб­дық­талған үйлерде (пәтерлерде) тұра­­тын жеке тұл­ғалар үшін – айына 466 теңгеге, жайлы жабдықталмаған жеке үй тұрғындары үшін – айына 496 тең­геге, заңды тұлғалар үшін 1 шаршы метріне 2 653 теңгеге дейін жоғарылату ұсынылды. 

Әрине, судың төлемақысы өссе, бұл жұртшылықты сол ресурсты үнем­мен тұтынуға итермелеуі ық­тимал. Мә­селен, алысқа бармай-ақ, Ақмола об­лы­сындағы Щучинскіні алсақ, онда су бағасы елордадан әлдеқайда жоғары. Нәтижесінде, қала тұрғындары суды аз жұмсайды, үнеммен төгеді. «Біздің адам­дар астанадағыдай ваннаға су толтырып жатпайды» деген пікір біл­дірді жер­гілікті тұрғындардың бірі. 

Алайда қоқыс шығару тарифтерін көтеру халықты азырақ қоқыс шы­ғаруға еш ынталандырмасы сөзсіз. Өйткені бұл тариф әр отбасыдағы адам санына қарай есептеледі. Бола­шақта қоқысының салмағына сайма-сай төлем төленетін заман да туар. Әзірге оның технологиясы да жоқ. Контейнерлер кім қанша қоқыс тас­таймын десе де ашық. 

Айтқандай, бас қала қоқыс контей­нерлеріне жарымай-ақ қойды. Тарифті көтерудің бір себебі ретінде де осы тап­шылық алға тартылды. Нұр-Сұл­тан қаласының Қоршаған ортаны қор­ғау және табиғатты пайдалану басқар­ма­сының мәліметінше, елордада қосымша 4 мың контейнер сатып алуға деген мұқтаждық бар. 

«Орташа есеппен күніне 8–10 кон­тей­нерге дейін өртенеді. Сондай-ақ сынуына, сындырылуына, ұрлануына байланысты да контейнерлер саны үнемі азайып отырады» деп мәлім етті қала билігі. 

Әкімдіктің төлемді арттыруды дәйек­тейтін дәлелдерінің бірі – ас­та­налықтар мен қала қонақтары лақ­ты­ратын қоқыс көлемінің күрт артуы: 

– Елорда халқының, туристері мен қонақтарының өсуі, елдің әл-ауқатының артуы, қаладағы құрылыс және жөндеу жұмыстарының белсенді жүргізілуі нәтижесінде тұрмыстық қат­ты қалдықтар (ТҚҚ) көлемі жыл­дан-жылға өсуде. 2011 жылдан бері шы­ғарылатын ТҚҚ ауқымы 205%-ға ұлғайды. Мәселен, 2011 жылы 760 мың 561 текше метрді құраса, 2018 жыл қорытындысында 1 миллион 561 мың 370 текше метрге жетті. Бұл ретте 246 теңге мөлшеріндегі қол­даныстағы тариф 2011 жылдан кө­терілген жоқ. Ал жанар-жағармай ба­ғасы, қоқыс тасушы көліктердің запас бөлшектерінің бағасы 8 жыл ішінде 2 еседен артыққа қымбаттады, – дейді қалалық салалық басқарма. 

Тарихтан белгілі тәмсіл бар. Ресейдің басты императорлық сарайы – Петербордағы 70 сал­танат залынан, 100 патшалық жатын бөлмесінен, галереялар­дан, театрдан, үлкен капелладан, қаптаған қызметшілер мен күзет бөлмелерінен және басқасынан тұратын «Қысқы Сарай» құры­лысы аяқталған соң, айнала­сындағы бүкіл алаң қоқысқа толып қалады. Арасында кірпіш, ағаш, темір, мрамор секілді құ­рылыс материалдары сыртында, қымбат перделер қалдығы, ақау­лы не қажетсіз жиһаз және өзгесі болған. Содан император ІІІ Петр қоқыстан арылудың қызықты тәсілін табады. Ол халыққа кез келген адам алаңда үйіліп жат­қандар арасынан қалаған затын тегін ала алатынын айтып, жар салады. Алаң бірнеше сағат ішін­де тазартылған. 

Бұл оқиғаны бірқатар еуро­палық басылымдар «Байғұс дү­ниеқоңыз, ашкөз халық!» деп мү­сіркей суреттейді. Алайда мә­селе басқада. Қажетке жарамды затты қоқысқа босқа лақтырмай, кәдеге жаратуда ғой. Қазіргі кезде елордада заңғар ғимараттарды тұрғызу барысында қаншама құ­рылыс материалдары қала сыр­тына тасылып, босқа лақтырылып жатады. Бұған «обал-ай» дегеннен басқа амал жоқ. 

Егер барлық құрылыс компа­ниялары сынбаған, бүтін кірпіш, шыны, шлакты блок, қыштақта, ламинат және басқаларын арна­йы белгіленген орынға жиып, қарапайым халыққа «қалаға­ның­ды тегін ал» десе, оның бәрі лезде елдің игілігіне айналып, қаншама баспананың өне бойынан орын табар еді. Ең бастысы, қоқыс по­ли­гондары миллион тоннаға артпайды. Бірақ бұл іс өңірлер түгіл, құрылысы қарқынды бас қаламызда да жолға қойылмаған. 

Өңдеу және кәдеге жарату бойынша жер-жаһандағы көш­басшылардың бірі Германия 80-жылдары қоқысқа батып кете жаздаған. Оларды тұйықтан 1990 жылы қабылданған Duales System Deutschland GmbH жаңа мемлекеттік жүйесі шығарды. Оның өте тиімді болғаны сонша, ірі қалаларда отбасылардың 90%-ға жуығы қоқысты ажыратып, жинау үдерісіне белсенді қаты­са­ды. Сонымен бірге билік тұрғын­дарға ешқандай жазалау шара­ларын қолданбайды. 

Қоқысты қайта өңдеуден қала билігі теріс айналып отырған жоқ, қайта қуаттайды. Әйткен­мен, қолданыстағы тарифте тек тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, шығаруға және көмуге ғана шығыстар ескерілгенін, ал ТҚҚ-ны қайта өңдеуге және кә­деге жаратуға шығыстар оның құрамында қарастырылмағанын айтады. 

– Осылайша, қолданыстағы тариф қоқыс шығаратын ұйым­ның және полигонның шығын­дарын толық көлемде өтемейді, қоқысты сұрыптау кешенінің шығындарын қамтымайды. Бұл сайып келгенде оларға техни­калық базаны жаңартуға, сондай-ақ өндірістік қуаттарды арттыруға мүмкіндік бермейді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында түзілетін ТҚҚ үшін қазіргі уақытта қо­сымша мыңдаған контейнер са­тып алу, қоқыс шығарушы көлік­терді жөндеу және жаңарту, сұ­рыптау желісінің қуатын 20%-ға арттыру, бұдан өзге 740 млн тең­геге самосвалдар, жүк тиеушілер, тартқыштар секілді 33 бірлік тех­никаны сатып алу талап еті­леді, – деп хабарлады Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы. 

Оның тұжырымдауынша, қол­даныстағы тариф «Эко По­лигон Астана» ЖШС-ның поли­гонының мелдектей толып болған ұяшықтарын рекультивациялау үшін қажетті «Ликвидациялық қорды» қалыптастыруға мүмкін­дік бермейтін көрінеді. Ал Эко­логия­лық кодекс полигондар иелерін сондай қор құруға мін­деттейді. 

Қоқыс шығаратын ұйымдар, қоқысты сұрыптау кешені және полигонның ауыр және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлері мардым­сыз жалақы алады, жұмыс беру­шілер «тариф төмен» деп ең­бекақыны көтермейді. Соның кесірінен кадр тұрақтамайды. Сала кәсіпорындарында 2018 жы­лы кадрлар тұрақсыздығы 49%-ға жеткен. 2019 жылғы 1 қа­зан­дағы жағдай бойынша бұл көр­сеткіш 46%-ды құрады және жалғасуда. Тиісінше, жыл соңын­да 54% болады деп күтілуде. 

Дүниежүзіндегі ең үлкен қо­қыс полигоны әлемге әмірін жүр­гізген Америкада орналасқан. Fresh Kills елдімекеніндегі бұл полигонның ауданы 1 200 гектарға созылып жатыр. Спортсүйер қа­уымға түсінікті тілмен айтсақ, бұл 1 700 футбол алаңына тең. Күн сайын оған әр түкпірден 13 мың тонна қалдық тасып төгеді. 

Бізге ғаламшардың жалғыз қожайынындай талтаңдаған АҚШ емес, қоршаған ортаны қор­ғауда баршаға өнеге-тағылым көрсеткен Еуропаның алдыңғы қатарлы мемлекеттері үлгі. Әйт­песе, полигондар жазда тұтанып, бықсып жанады, олардан бөлін­ген улы қосындылар топырақ пен суға сіңіп, адам мен жануарлар ағзасын улайды.

Өңдеу және кәдеге жарату бойынша жер-жаһандағы көш­басшылардың бірі Германия 80-жылдары қоқысқа батып кете жаздаған. Оларды тұйықтан 1990 жылы қабылданған Duales System Deutschland GmbH жаңа мемлекеттік жүйесі шығарды. Оның өте тиімді болғаны сонша, ірі қалаларда отбасылардың 90%-ға жуығы қоқысты ажыратып, жинау үдерісіне белсенді қаты­са­ды. Сонымен бірге билік тұрғын­дарға ешқандай жазалау шара­ларын қолданбайды. 2005 жылы бұл ел қоқыс полигондарын пай­далану тәжірибесінен бас тартты. Бүгінде 2004 жылы болған 300-ден астам полигонның жар­тысынан көбі жойылған. Қал­ға­нында тек қайта өңдеуге кел­мей­тін қалдықтар ғана көміледі. 

Алманияға барған адамдар білсе керек, әдетте, немістердің үйлерінде қоқыс 5 түрлі контей­нерге бөлініп, жиналады. Гер­мания қалаларында жергілікті билік әрбір үйге ұдайы хат жол­дап, онда тұрмыстық қалдықты қалай бөлек жинау керектігі, қоқыстың қандай түрі қай күні тасып әкетілетіні туралы тұрғын­дарды құлақтандырып тұрады. 

Егер адам сынып қалған кір жуғыш машинасын көшеге лақ­тыра салса, ешқандай айыппұл салынбайды. Бұл жүйе әр азамат­тың жеке жауапкершілігіне ғана сүйеніп, жұмыс істейді. Оның үстіне қаптаған ынталандыру құ­ралдары бар. Мәселен, әрбір тап­сырған пластик бөтелке үшін не­містер 50 еуроцентке купон алады. Себебі пластик құтыдағы сусындар құнына сол 50 цент қо­сылады. Тиісінше, егер бөтелкені кері тапсырсаңыз, ол ақшаңызды қайтарып аласыз. 

Халықтан жиналған қоқыс­тың үлкен бөлігі Германияда от­қа жағылады. Оның буы электр стансасына жетіп, генера­тор­лар­ды қозғалысқа келтіреді. Қал­дықтың тағы бір бөлігінен ­фер­ментация нәтижесінде таза метан алынады. Қоқыс жинаушы көлік­тер және автобустардың біраз бө­лігі осы отынмен жүреді. Алма­ния ұлағаты ширек ғасыр ішінде «қоқыстық коллапстан» қалай құтылуға болатынын паш етеді. 

Жаппай тариф көтеруге емес, керісінше, елді ынталандыруға құрылған оң тәжірибелердің бірі Швейцарияда қалыптасқан. Мұнда бөліп жиналған қоқыстың әр келісі үшін халыққа сыйақы төленеді. Сұрыпталмаған қоқыс­тың әрбір пакеті керісінше, бір­неше франк қосымша шығын шығаруға соқтырады. Швей­ца­рияда 2000 жылы қоқыс полигон­дарына тыйым салынды. Нәти­жесінде, мұнда қоқыстың жарты­сынан астамы қайта өңделеді, қалғаны өртеледі. 

Атап өтер жайт, Швейцария әрдайым қазіргідей жайқалған жасыл желекпен көмкерілген ел болмаған. ХХ ғасырдың 80-жыл­дарына дейін жергілікті көлдер мен өзендер өнеркәсіптік және ауылшаруашылық зиянды қал­дық­тарымен тоқтаусыз уланып, жануарлар мен өсімдіктер бірінен соң бірі «Қызыл кітапқа» кіріп жатқан. Жағдайды 1981 жылы іске қосылған жаңа экологиялық саясат түзеді. 

Швецияның тәжірибесі тіпті таңғаларлық: бұл ел төл қал­дықтарының 99%-ына жуығын қайтадан қажетке жаратқанымен қоймай, өзге елдердің 700 мың тоннадай қоқысын қайта өңдеуге қабылдайды. Қоқыстан қаржы жасаудың үлгісін шведтерден үйренгеніміз жөн. 

Әзірге мұның барлығы «Бо­ла­шақтың қуаты» деген та­қырыпта EXPO жаһандық көр­месін өткіз­ген елорда үшін де қиял-ғажа­йыптай көрінеді. Нұр-Сұлтан қаласында қатты тұрмыстық қал­дықтарды кәде­ге жаратудың бөліп жинауды, сұрыптауды, қайта өңдеуді қам­титын толық циклы ұйымдас­тырылған. Рас, ол толыққанды жұмыс істемейді. 

Қоқысты кәдеге жаратудың өзі – бір ғылым. Ол «гарбология» деп аталады және қоқыс қал­дық­тары мен оларды утилизациялау әдістерін қарастырады. Демек, бас қаламызға білікті гарболог басшы керек-ақ.

Дереккөз: "Айқын" газеті

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары