$ 448.15  483.46  4.86

Павлодар облысында оқушылар кіші сыныпта оқитын баланы қыздардан қызғанып ұрып кеткен

Жалғыз өзін ұстап алған оқушыны бұзақылар "тізерлеп" кешірім сұрауға мәжбүрлепті.

Павлодар облысының Екібастұз қаласында өз мектебіндегі бұрымдыларды қызғанған жоғары сыныптың балалары 3-сынып оқушысын ұрып кеткен. Онымен қоймай, әрекеттерін видеоға түсіріп, жеткіншекті әлеуметтік желіге жүктейміз деп қорқытқыпты. Жүрегі әбден шайлығып қалған бала бір жұмадан бері сабаққа бармай жүр. Ал оның ата-анасы жергілікті білім басқармасы бұл жағдайды барынша жасырғысы келгенін айтып отыр. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды. 

Екібастұзда 6-сынып оқушылары "қыздарымызды ренжіттің" деген желеумен көрші мектепте оқитын 3-сыныптың баласын соққыға жыққан. Жалғыз өзін ұстап алған оқушыны бұзақылар "тізерлеп" кешірім сұрауға мәжбүрлепті.    

Жеткіншектерден әлімжеттік көрген балақай қатты қорқып қалған. Бір жұмадан бері мектепке бара алмай жүр. Ал үзеңгілестерінен жәбір көрген оқушының анасы болса бұл мәселені білім басқармасындағылар жылы жауып қойғысы келгенін айтады. Осы уақытқа дейін бұзақылық жасаған балалардың анасы да келіп кешірім де сұрамағанына қапалы.

"Ең сорақысы, үлкен қаламызда бізге көмектесетін ешкім табылмай отыр. Балам қатты күйзеліске түсіп кетті. Міне, 4 күн далаға шығуға қорқады. Ұлымды жалғыз өзім тәрбиелеп өсірдім. Бұл жағдайға құзырлы органдардың назар аударғанын қалаймын", - дейді оқушының анасы Шолпан Әбетова. 

Ал мәселемен жақсы таныспыз деген білім басқармасындағылар бұзақылық жасаған балалардың ата-анасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Жеткіншектердің әрекетінен кейін мектеп директорлары мен оның орынбасарларына "сөгіс" жарияланған. Алдағы уақытта қос тарапты татуластыру жұмыстарын жүргізбекші.

"Кәмелетке толмағандар ісі бойынша комиссия құрылды. Онда балалардың іс-әрекеті зерделенді. Бүгінгі күні №33 мектеп директорына қатысты "тәртіптік" сөгіс жарияланды. Одан бөлек, оқушыларға жауапты сынып жетекшісіне, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына, әлеуметтік қызметкерлерге де сөгіс жарияланды. Тәртіпсіз балаларды мектепішілік есепке қойдық. Ертең қос тараппен білім мекемесінде жиналыс өткіземіз", - дейді қалалық білім басқармасының басшысы Жазира Хамзабаева.

Екібастұз қалалық ювеналды полиция өкілдері мұндай жағдайды жылы жауып қоюға болмайды дейді. Сондықтан бұзақылыққа барған оқушылардың ата-анасының әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын мәлімдеп отыр.  

"Кәмелетке толмағандардың әрекеті «Қоғамдық тәртіпті бұзу» бабы, сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 293-бабымен қарастырылады. Егерде олар қылмыстық жауапкершілік жасына жетпесе, онда балалар тіркеуге алынады. Ал бір жылдың ішінде тағы қайталанса, комиссияның шешімімен ерекше білім ордаларына ауыстырылады", - дейді облыстық полиция департаментінің ювеналды полиция басшысы Бибігүл Хамзина.

Өз кезегінде баламның "психикасы" бұзылды деп шағымданған оқушының анасы бұзақылардың заң алдында жауап бергенін қалайды. Ол үшін құзырлы органдарға тиісті шағымдарды да дайындап қойыпты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары