Интернет-банкинг дамыған сайын алаяқтық қылмыс қанат жайып келеді. Оңай ақшаны көздегендердің арбауына енді банктердің аңқау клиенттері жиі түсіп жатыр. Алаяқтар жұрттың жеке мәліметтерін алдап алу арқылы картадағы ақшасын иемденеді немесе оның атына несие рәсімдейді, деп хабарлады КТК арнасы.
Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері осындай 42 жағдай тіркелген. Бірақ мамандар қылмыс санының бұдан да көп екеніне сенімді. Тек өзінің аңқаулығынан опық жегендер елге күлкі болмас үшін полицияға шағымданбайды.
Алаяқтарға оңбай алданғандардың бірі – алматылық Нина Нечаева. Қыркүйекте оған әлдебіреулер қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған. Сөйтіп оның жеке кабинетіне кибершабуыл жасалмақ болғанын жеткізеді. Әрі әйелді олардан қорғаймыз деп сендірген.
Нина Нечаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Олар мені банктің қауіпсіздік қызметімен байланыстырамыз деді. Ал ондағылар телефоныма келген кодты айтуымды сұрады. Соны айтқанда ғана олқылықты жоятындарын жеткізді. Сондықтан дегеніне амалсыз көндім.
Артынша алаяқтар жақын жердегі банкоматқа баруын сұраған. Себебі, бірінші болып хабарласқан банк қызметкері оның жеке мәліметтерін жариялап жібергенін айтады. «Содан банк сізге несие берді, оны тез арада шешіп, кері қайтаруыңыз қажет» депті. Жаны қалмаған әйел банкоматқа қарай бет алады.
Нина Нечаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Ақшаны шешіп алдым. Оны банк бөлімшесіне барып, кері қайтарғым келді. Бірақ алаяқтар «терминал арқылы жіберіңіз» деді. Олардың айтқанын істедім.
Айлакерлер Нинаның атынан 480 мың теңге несие рәсімдепті. Енді банк одан ай сайынғы төлемді талап етуде. Әйелді алдап соққан – ресейлік алаяқтар. Аяқ астынан алаяқтың құрбаны болып жатқандар қазір өте көп.
Медет Турин, Кибер шабуылдарды зерттеу және талдау орталығының маманы:
- Алаяқтар өзіне адам тартуды жақсы біледі. Мысалы, оларға қызықтыратын сілтеме жібереді. Жұрт сол сілтемеге өтіп, еш алаңсыз жеке мәліметтерін тереді. Айта кетерлігі, банк клиенттерінің ақшасын қалтасына басқысы келетіндерге шекара да тосқауыл емес.
Алаяқтардың қырық түрлі қулығы бар. Бірі «банк қызметкермін» деп хабарласып, қажетті мәліметтерді қолына түсірcе, енді бірі әлеуметтік желі арқылы жалған ойын ойнатып, қызығушылық танытқан клиенттердің карта нөмірін сұратады.
Тіпті банктен «жылдам несие алып береміз» немесе «қарызыңызды жауып береміз» деп алдап, бар жиған-тергеніңізді әп-сәтте үптеп кетеді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері осындай 42 жағдай тіркелген. Оларды алаяқтар жалпы соммасы 200 миллион теңгеге сан соқтырып кеткен. Алайда кибер шабуылдарды зерттейтін мамандар іс жүзінде қылмыстың бұдан да көп екенін айтады. Ал мұндай жағдайларды болдырмау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұмытпаған жөн. Күмәнді жағдай орын алса, банктің call-орталығына дереу хабарласыңыз.