Былтыр қазақ эпостарының арасындағы шоқтығы биік «Алпамыс батыр» жырын айтудан басталған сайыс биыл «Қобыланды батырға» ұласып, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бұл бастамасын күллі республика қолдап әкеткені белгілі. Өскелең ұрпақты халқымыздың рухани асыл мұрасымен сусындатып, ерлік пен елдікке тәрбиелеп, батырлыққа баулитын байқауға биыл облыс бойынша 2733 бала қатысыпты. Солардың арасынан озып шыққан 27 өреннің өнерін белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры Алмас Алматов бастаған қазылар алқасы бағалады.
Сайыс алдында қатысушыларға сәттілік тілеген қазылар алқасының төрағасы 132 бет, 5206 жолдан тұратын жырды жатқа айту оңай еместігін атап өтті. «Біз қазақ жырын белгілі бір деңгейге дейін жырладық, енді оны әрі қарай жалғауды осы жастарға тапсырамыз. Бұл – ұлттың жадын жаңғыртып, өткенімізді өнеге етудің жарқын бастамасы», - деген жырау сөзі шара маңызын айшықтай түсті.
Шартқа сәйкес, оқушылар сахнада алғашында жұптасып өнер көрсетті. Осы сыннан іріктелген 8 оқушы екінші айналымда жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, сыныбына сәйкес қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап берді. Эпостағы ескі сөздерді тарата айтып, сауалдарға барынша тиянақты жауап берген өрендердің талабына риза болдық. Қазылар бұл сында тең түскен 8 баланы келесі айналымға шығарып, онда оқушылар жырдың белгілі бір тұсын жатқа айтудан жарысты.
Бес сағатқа созылған сайыс қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов жеңімпаз жүлдесі – 1000 000 теңгені Қазалы ауданындағы №129 мектептің 10 сынып оқушысы Гүлзира Қонысбайға табыстады. Екінші орын бәйгесі – 600 000 теңгені Қармақшы ауданындағы №272 орта мектептің 8 сынып оқушысы Даяна Толыбаева алса, үшінші орын қазалылық өреннің үлесіне тиіп отыр. Осы аудандағы №170 мектептің 7 сыныбында оқитын Гауһар Әзен 300 000 теңгені иеленді.
Осы сәтте Ұстаздар күніне орай өткен кеште оқушыларды жыр сайысына дайындаған жетекшілеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жеңімпаз оқушының мұғалімі Гүлфайруз Әлішеваға 2 000 000 теңге, жүлдегер шәкірттерді жарысқа әзірлеген Мереке Қайнарова мен Жадыра Көшекбаеваларға 1 200 000 және 600 000 теңгенің сертификаттарын салтанатты жағдайда табыс етті.