$ 498.34  519.72  4.85

Қызылорда өңіріндегі жыр сайысын Жаңақорған ауданы бастады

Бүгінгі таңда жас жеткіншектердің Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру және ұлт болып ұйысуға тәрбиелеу маңызды мәселеге айналды. Осы тұрғыда елімізде балаларды тәрбиелеудің сан түрлі әдісі қолданылып келеді. Соның бірі – «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы.

Аталған байқауды «Qazaq Epos» респуликалық ағарту жобасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырды. Сайысқа еліміздің кез келген өңірінен 6-10 сынып оқушылары қатыса алады. Қазіргі таңда жыр жарысына қатысу үшін республика бойынша 5621 мектептен 51 328 оқушы өтініш білдірген. Оның ішінде Қызылорда облысынан 2733 оқушы бақ сынап жатыр.

Қызылорда облысы бойынша аудандық кезең 16 қыркүйекте Жаңақорған ауданынан басталды. Осы аудан бойынша «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына 41 мектептен 401 оқушы қатысты. Сайысқа қатысушылар іріктеу кезеңінде «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтты.

Қазылар алқасы оларды жан-жақты сынап, жырды толық жаттағандарын ғана келесі кезеңге өткізді. Екінші кезеңде оқушылар жырдың кез келген жерінен жалғастырып, көнерген сөздердің мағынасын ашты.

400-ге жуық қатысушының арасынан Көркем Жаил жетекшілік еткен №162 жалпы орта мектепің оқушысы Ерасыл Ақбай бірінші орын иеленді. №163 жалпы орта мектептің Ақжарқын Бабаджанова дайындаған оқушылары Нұрсұлтан Икрам мен Қарақат Амангелдиева өзара екінші-үшінші орынды бөлісті. Аталған оқушылар «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, облыстық ақтық сынға жолдама алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары