Солтүстік Қазақстан облысында пара алған екі полицей 7 жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, 21 қазан күні Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының екі қызметкеріне сот үкімі шықты. Тәртіп сақшылары жолда жүру ережесін бұзған көлік жүргізушілерін әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін олардан жүйелі түрде пара алып келген. Петропавл қалалық соты олардың әрқайсысына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Сондай-ақ Қызылжар ауданының мемлекеттік инспекторы пара алғаны үшін енді 2,5 млн теңге айыппұл төлейді. Ал Полиция департаменті іздеу бөлімінің инспекторы 3 жылға сотталды.
«Мемлекеттік органдарда әлі күнге пара алатын мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істейді. Сіз бен біздің міндетіміз – халықтың қаражатын қалтасына басқан жемқорларды бірге анықтау. Олар өздерінің пайдакүнемдігімен, қылмыстық әрекеттерімен мемлекеттік қызметтің жұмысын жоққа шығаруда», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Ернар Баянғазин.