Динара Сәдуақасова Англиядағы Grand Swiss халықаралық турнирінде бақ сынады, деп хабарлайды Елорда ИнфоVesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жарыс 11 кезеңнен тұратын кіл мықтылар қатысатын ең ірі FIDE турнирлерінің бірі саналады. Осы турнирде жер шарының 40 елінен 154 шахматшы, кілең гроссмейстер бақ сынаған. Атап айтқанда, жоғары деңгейлі жаһандық бәсекеге әлем чемпионы Мира Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Левон Аронян және басқалары қатысқан.
Осынау жарыста І және ІІ орындарды Динара Сәдуақасова мен Үндістан шахматшысы Харика Дронаваллимен өзара бөлісті.
«Бұл өзіңді көрсететін өте жақсы мүмкіндік болды. Әр күн сайын мықты қарсыластармен ойнайсың. Менің қарсыласымның бәрі гроссмейстер, әлем шахматының элиталары болды. Бірақ менде мүлде үрей болмады. Керісінше, өзімді тексеріп көргім келді», – дейді қазақстандық шахматшы.
Grand Swiss рейтингісінде Сәдуақасованың ұпайы 2505-ті құрады. Енді ол – әлемнің ең мықты 11-шахматшысы. Бұл Қазақстандағы әйелдер шахматының рекорды саналады.