28 қазанда Лондонда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі елшілігі және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының ұйымдастыруымен қазақ киносының апталығы өтеді, деп хабарлайды Елорда Инфо Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақ киносы күндері Ауғанстаннан елге оралған қандастарымыз туралы баяндайтын «Оралман» фильмімен ашылады. Көрермендерге бұл туындыны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фильмнің сценарий авторы Нұрлан Санжар таныстырады.
Сондай-ақ, қазақ киносының апталығы шеңберінде «Қазақфильм» киностудиясы шығарған өзге да кинотуындылар көрсетіледі.
29 қазанда режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, басты рөлді сомдаған актер Әділ Ахметовтің таныстыруымен Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» тарихи драмасы көрсетіледі.
30 қазан Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» фильмі ұсынылады. Тарихи кинотуындыны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, басты рөлді сомдаған актер Берік Айтжанов таныстырады.
31 қазанда Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі көрерменге жол тартады. Фильмді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, продюсер Қанат Төребай таныстырады.
Ал 1 қарашада Қазақ кино апталығының жабылу салтанатында «Айка» фильмі көрсетіледі. Бұл фильмнің көрсетіліміне режиссер Сергей Дворцевой және актриса Самал Еслямова қатысады.
Әрбір кинокөрсетілімнен соң Лондондағы беделді ЖОО профессорлары мен киносыншылары фильм туралы ой пікірлерімен бөліседі.
Қазақ киносы Лондондағы Vue West End кинотеатрында көрсетіледі.