Бір костюм үшін 130 мың теңге. Еліміздегі шен-шекпенділер киетін ең арзан киімнің бағасы осындай. Бұл - тек костюм-шалбардың құны. Оған галстук пен жейдені, туфлиді қосыңыз! Одан қалса, қол сағаты бар.
Ал "бұрымды депутаттар" ай сайын бір киімге қанша теңге жұмсауға дайын? Жалпы, отандық өнім отандық шенеуніктердің арасында трендте ме? Бұл туралы Евразия арнасы хабарлайды.
Бүгінде трендтен қалмау үшін бренд іздейтініміз белгілі. Шетелдің бағасы удай брендтік өнімдері қалтаны қанша қаққанымен, одан бас тартпаймыз. Ал халықтың қамын ойлап, күні-түні заң шығарудан қолы босамайтын Мәжіліс депутаттары айына бір киімге қанша теңге жұмсауға дайын? Оны өздерінен сұрап көрдік.
"Ай сайын жұмсамаймын, жылына бір рет аламын! Бренд деп айтады, әр адам өзінің тұла бойына сай киім, ол қай жақтың киімі болса да, мәні сонда болады", - дейді депутат Зәуреш Аманжолова.
"Мен көбіне осы өзіміздің тігіншілерге тіктіремін. Шамамен 50-60 мың, екі баласы бар адамдарға қымбат, алтыннан гөрі күмісті жақсы көремін!", - дейді Бақытгүл Хаменова.
Отандық киім киіп, өз өндірушілерімізді қолдау керектігін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктерден талай мәрте талап еткен болатын. Тіпті, оларға үлгі-өнегі болып, өзі де Қазақстанда жасалған костюм киетінін көреткен еді. Бұған Үкімет мүшелері де үн қатқаны есімізде.
«Отандық костюм киемін. QLP. Алматыда жасалған», - деді Ерлан Сағадиев.
«Отандық киім өндірушілер де шенеуніктер жиі келетінін жасырмайды. Олардың айтуынша, арнайы тапсырыспен тігілетін костюмнің ең арзаны - 100 мың теңге!», - дейді Асқар Жұмағалиев.
"Бізде негізінен әкімдіктен, министрліктен костюм заказ беріліп алынады. Жеке кәсіпкерлер де келіп алады. Өзім барып замер алғаным - Қаржы министрі, Исекешев мырза да заказ беріп алады», - деді сатушы.
Депутат ханымдар айына 50-60 мың жұмсаса, кей халық қалаулысы, тіпті, соңғы 4-5 жылда киімдерін мүлдем жаңартпағанын айтады.
"Мен көп жыл бұрын алған киімдерімді киіп жүремін! Соңғы 4-5 жылда оны жаңартқан жоқпын!", - деді депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов.
"Бақытгүл ханым айтты, айына 60 мың жұмсаймын деді! Сәйкес киіну керек. Мен дүкеннен аламын", - дейді Бейбіт Мамраев.
Ал Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те тек отандық киімдерге ғана тапсырыс беретінін жасырмады.
"Қазақстаннан, қазір көйлек те Қазақстандікі. Кейбір заттар Қазақстаннан, кейбірі үшін дүкенге барасың", - дейді Аймағамбетов.
Министрлер мен депутаттар киімге қанша ақша жұмсайтынын мейлінше жасырып бағуға тырысқанымен, кәсіпкерлер дені дұрыс костюмге 130 мың теңгеден көп қаржы кетеді дейді. Ал бастан-аяқ сықиып тұрып киінуі үшін қанша қажеттігін өзіңіз есептей беріңіз. Нәзік жандардың қажеттілігі бұдан да зор. Оларға көйілектен бөлек, алтын алқа мен сырға-сақина, білезікке, түфлиіне аз кетпесі анық.