Несін жасырайық, әлде әзілкеш, әлде актер Тұрсынбек Қабатов деген жігіттің сахнаға шығып алып зуылдата сөйлеп тұрғанын өз басым онша суқаным сүймейтін еді. Онымның бекер емес екеніне биылғы қазанның 14 жұлдызында оны телеарнадағы «Әзіл әлемі» деген жобада көргенімде тағы да... Ол бұл жолы әр өңір қазақтарының ауызекі сөйлесу мәнерін мазаққа айналдырды. Ақыл-ойы, парық-парасаты дұрыс адам не айтса да өзі білетін, өзі зерттеп, мән-мағынасына қаныққан мәселені қозғайды. Ал, өзі сахнада қазақшаға орысшаны көжеқатық қып араластырып судай сапыратын Тұрсынбек әзілкеш әр өңірдің жергілікті ауызекі сөздерін күлкі қып тұрып қазақтың тілін мазақ қып тұрғанына парасаты жетпей тұр ма деп оны бір жағынан аяп та отырдым.
Иә, дүниежүзілік тіл ғылымында орфография, орфоэпия, сингармонизм яғни, үндестік заңы, ауызекі тіл (разговорная речь) деген ұғымдар бар. Бұл жер бетіндегі халық атаулыға түгел тән нәрсе. Әлде Тұрсынбек әзілкешке осы сандалма қылжақтың мәтінін ондайдан хабары жоқ надан біреу жазып берді ме, әлде Тұрсынбек қылжақшының білім-білігінің жеткен жері ме қайдам ол кейбір қазақтар «қай жаққа» дегенді ауызша «қайаққа», «не істеп жатырсың» дегенді «не істебатсың» дейді деп тағы бір-екі осындай ауызекі сөздерді күлкі қып біраз зуылдады. Әлде шынымен қазақ сөздерін мазақ қып күлді ме, әлде Тұрсынбектің аузы-аузына жұқпай сөйлегеніне күлді ме қайдам, әйтеуір залда отырған ешнәрсенің байыбына бара бермейтін той-думаншылдар күлкіге қарық боп жатты. Туған елінде қашан тілімнің басына бақыт құсы қонар екен деп аспанға алақан жайып жүргеніміз аз болғандай енді қазақтың әртүрлі сөйлеу мәнерін, мазақ қып тұрған Тұрсынбекті көріп отырып не Тұрсынбекті, не қазақ телеарналарын осындай арзанқол қылжаққа, сайқымазақтар мен әнші емес әнші, сазгер емес сазгер ақша тапқыштардың ермегіне айналдырып қойған министрлікті сотқа берсек қайтеді деген ойға келдім.
Иә, әрбір көзі ашық адам ауызекі тіл, жазбаша тіл деген не екенін білуі тиіс. Мысалы, орыстар бір ғана «человек» деген сөздің өзін әртүрлі құбылтып айтады. Оның бәрін тізбелеп жатпай-ақ қоялық. Ал Қазақстанның қазақ ең көп тұратын Шымкент, Қызылорда жағынан бастап одан әрі Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал уәлаяттары «не істеп жатырсың», «қайда бара жатырсың», «тамақ ішіп жатырсың ба» дегенде «жатыр» сөзін айта бермей «не істебатсың», «қайда баратсың», «тамақ ішіп жатсың ба» немесе «қай жаққаны»– «қайаққа», «анау жақта» дегенді «анияқта», «мынаяқта», не істеп отырсыңды» «неістеп отсың» дей салады. Өзбек,татар,қарақалпақ т.б. түркі тілді туыстардың бәрі солай сөйлейді. Әр сөздің бүкіл әрпін бірін қалдырмай айту керек деген заңдылық жоқ. Өйтер болса, сөйлеу тілі, ауырлайды. Ауызекі тіл, үндестік заңы дегеніміз осы. Оны Тұрсынбек мырза білмесе де ол дүниежүзі халықтарында бар нәрсе. Тілі шұбарланған, әр сөздің бүкіл қарпін түгел айтсам дұрыс болады деп ойлайтын сауатсыз тележурналистер мен тележурналист болып алған сайқымазақтар, әншілер мен КВН-шылар бұл заңдылықты білмейді. «Ағорда» демей «Ақ орда», «көгөніс» демей «көк өніс», «ботагөз» демей «ботакөз», «неғып жатыр» дегенді «не қылып жатыр», «қарағызды» «қара қыз» деп буынға бөліп, үзіп-созып сөйлейтін де солар.
«Қайсыбірін айтайын қайран, көке» демекші, бүгінгі Қазақстан телеарналарынан тек Тұрсынбек Қабатов емес, одан өзге де арзанқол әжуа, қылжаққа толы дүниелерді көріп отырып елімізде қазақтың ғасырлар бойы отаршылдық табанында тапталып қалған ұлттық санасын, ұлттық намысын оятпау үшін және ұрпағының бүйте берсе кімге айналарын ойламайтын, той-томалақ, ойын-сауықтан басқамен шаруасы жоқ әуейі, тамағы тоқ болғанына мәз санасыз тобырға айналдыру саясаты телеарналар арқылы осылай жүргізіліп жатқан жоқ па деп қорқамыз.
Ал, ақпарат министрі болып Дәурен Абаев деген жігіт келгелі телеарналардың бұл әзілкештігі, қалжың құмарлығы, ойын-сауықшылдығы бұрынғыдан да күшеймесе басылған жоқ. Дәурен мырза еліміздің ең үлкен телеарнасына журналистикаға он қайнаса сорпасы қосылмайтын Нұрлан Қоянбаев деген қалжыңқұмарды бас продюсер қып қойғаны бар. Қазір телеарналардың басты кейіпкерлері әнші, тойшылар,солардың жүрген-тұрғаны туралы хабар-ошарлар мен көрсетілімдер. Ендеше бүгінгі қазақ телеарналарынан ұрпағымыз қандай ұлттық педагогика, ұлттық тәрбие алады? Олардан қандай ұлттық сана, ұлттық парық-парасат, мән-мағына күтуге болады? Осының бәрі білместікпен емес, керісінше қазақ деген ұлтты жойып, қазақстандық деген мәңгүрт тобыр жасау үшін жасалып отырған жоқ па?
Қандай ұлтты да ұлттық қасиетінен айырып, тілінен, ұлттық санасынан айырып азғындау үшін әуелі сол ұлттың қыз-келіншегіне шамадан тыс ерік беріп, аузына келгенін қысылмай-қымтырылмай айтатын, ойына келгенін істейтін, еркекке ә десе мә дейтін бетбақ (бәдбахт) ету саясатын Ресей қазақтарға қарсы өте шебер пайдаланды. Өйткені әйел жыныстылар әрнәрсеге еліктегіш, азғыруға ерігіш, көлденең жарылқаушыға көнгіш келеді. Кеңес өкіметі бұл сайқал саясатын "әйелдерге ерлермен бірдей тең праволылық беру" деп атады. Ұлтымызға, жалпы Шығыс елдеріне жат бұл саясат бүгінгі Қазақстанда әлі де өз күшінде. Біз әйел өз жолымен жүруі керек, әйел әйелдігін сақтауы керек дегенді оның хүқын бұзу немесе әйелді қорлау деп түсінетін болдық. Аша Матай деген келіншектің біресе тістерін түгел ақситып, біресе аузын барынша ашып орынды-орынсыз күле беретінін көргенде оның телеэкранда өзін ұстай білу мәдениетіне күмәнмен қарайтынмын. Оған анау «Қалаулым» атты жобаны кім ашып бергенін Құдай біледі, әйтеуір ондағы қазақ қыздарының ұятсыз қылықтарын көрген сайын жоғарғы жақта осындай жобалар ашу арқылы қазақты бұратола бүлдірумен айналысатын біреулер отырғандай көрінеді де тұрады. Ал телеарналарда қандай «жүк көтеріп» отырғаны атынан-ақ көрініп тұрған мына жобаларды қазақтың сау-саламат ұрпағын өсіруге қызмет етеді деу мүмкін бе? Қараңыз:
1.«Той-думан», «Жұлдызды жекпе-жек», «Жұлдыздар жарқырайды», «Қызық таймс», «Ән мен әнші», «Әндер мен жылдар», «Сенбілік шоу», «Биле, Қазақстан», «Гәкку», «Екі езу», «Айнонлайн», «Жайдарман», «Әзіл әлемі», «Пәленшеевтер», «Тақиясыз періште», «Silk way Star», «SinGer», «Сағындырған әндер-ай», «Келіндер бәйгесі»... Осылай кете береді. Бұларды көріп отырып, қазақ ән салып, би билеу, қыршаңқы, қысыр сөз, әзіл-қалжың, сайқымазақ, той-томалақ ойын-сауықтан басқа ешнәрсемен ісі жоқ халық екен деп қаласың. Құдай сақтасын, баяғыда бір әжеміз кейігенде «Арсызға күнде мейрам, күнде той» дейтіні еске түседі. Сол кісі айтқандай қазір теледидарды ашып қалсаң инкубатордан шыққан балапандардай құжынаған, өріп жүрген әнші емес әнші, сазгер емес сазгерлерді көресің. Әңгімелері солардың не ішіп, не жейтіні, не киетіні, күйеуімен немесе әйелімен қалай танысқаны, бал айын қайда өткізгені, неше клип түсіргені, қандай көлік мінетіні, тіпті, қалай жатып, қалай тұратыны, қандай әтір, қандай иіссу құятыны туралы. Осымен доғарайық.
Телевизия ХХІ ғасырдың ең пайдалы да, ең қауіпті де құралы. Ал оны қазақ үшін пайдалы ақпарат құралы деп қазаққа дос адам айта қояр ма екен? Біз Ресейден тәуелсіздік алдық деп санамызды шапаттап жүрген 26-27 жылдан бері телевизия аттары бұл қуатты қаруды біресе патшалық, біресе кеңестік Ресейдің шынжыр құрсауында ғасырлар бойы тілі шұбарланған, ұлттық бет-бейнесінің көп қырынан, ұлттық санасынан, салт-дәстүрінен алшақтап қалған қазақты үстем ұлттың алдындағы құлдық мінезден арылтып, шын тәуелсіз ұлт қалпына келтіруге пайдалануды қолға алған жоқпыз.
Дәурен Абаев басқаратын бүгінгі ақпарат министрлігі бұл іске кірісіп, тележурналистиканы әнші, биші, әзілкеш, сайқымазақ, квншылардың ермегіне айналдыруды тоқтататып,ұлттық қуатты қаруымызға айналдырар кез жетті деп білеміз.
Мырзан Кенжебай
Abai.kz