28.10.2019, 01:34

Қазақстан Әзербайжанға астық экспортын ұлғайтты

Қазақстан да, Әзербайжан да сауда қатынасын нығайтуға барынша күш салуы тиіс.

Қазақстан Әзербайжанға астық экспортын ұлғайтты. Соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша Әзербайжан елі импорттаған барлық бидай өнімдерінің төрттен бір бөлігі қазақстанның үлесінде. Енді қос ел өзара тауар айналымын бұдан да арттыра түспек, "Хабар24".  

Өткен жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 55 процентке өссе, биыл 9 ай ішінде өзара сауда-саттық көлемі 183 миллион доллар шамасында. Оның ішінде қазақстандық экспорт 22% артқан. Оның төрттен бірін бидай өнімдері құрайды. 

"Қазақстан Әзербайжанның ауылшаруашылығы саласындағы негізгі серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы сауда қатынасының негізгі бөлігін бидай өнімдері құрайды. Атап айтқанда, 2019 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстаннан Әзербайжанға 265 мың тонна бидай импортталды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30% көп. Мәселен, былтыр ел аумағына 204 мың тонна бидай жеткізілген еді", - деді ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Саадат Гаджиева

Биыл Әзербайжан елі Қазақстаннан 58,5 миллион долларға бидай сатып алды. Бірақ өзара сауда айналымы тек ауыл шаруашылығы өнімдерімен ғана шектелмейді. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен мұнай-газ жабдықтары да бар. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, екі елдің тауар айналымы одан әрі арта түседі дейді мамандар. 

"Жақын арада біз Қазақстанмен жоғары технология саласында да ынтымақтастық орнатамыз деп сенемін. Егер осы бағытта қарқынды жұмыс істесек, екі ел арасындағы сауда айналымы 1 миллиард доллардан асып-жығылуы әбден мүмкін", - дейді экономист Эльшад Мамедов.  

Тараптар енді кәсіпкерлер арасында азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс пен туризм салаларында байланыс орнатуды да көздеп отыр. Осы мақсатта екі ел аумағында сауда үйлерін ашу жоспарланған. 

Мамандардың пікірінше, Қазақстан да, Әзербайжан да сауда қатынасын нығайтуға барынша күш салуы тиіс.