$ 498.34  519.72  4.85

Қазақстанда 5G интернет желісі іске қосылатын болды

5G мобильді байланысы сынақ түрінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында өткізілді. Сынақтар жақсы нәтиже көрсетті.
фото: howtogeek.com
фото: howtogeek.com

Бүгін Парламент Мәжілісінің Үкімет сағатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев елімізде 5G интернеті қашан іске қосылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Қазақстанда жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Президенттің тапсырмасына сәйкес, министрлік Қазақстанда 5G желісін енгізу бойынша жұмыстар атқаруда. Осы орайда, Жол картасы бекітілді. Қазіргі кезде 5G жаңа мобильді байланыс технологиясын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. 5G мобильді байланысы сынақ түрінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында өткізілді. Сынақтар жақсы нәтиже көрсетті», - деді Асқар Жұмағалиев.

Ол сөз арасында осы жұмыстардың нәтижесі бойынша технологияның интернет заттарын, телемедицина, өнеркәсіпті тау-кен өндірісін цифрландыру және ақылды қалаларды дамыту мүмкіндіктері анықталатынын жеткізді.

«Бірінші кезекте бұл технологияны енгізуді республикалық маңызды қалаларда – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте ұйымдастыру жоспарлануда. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында «Астана Хаб» аумағында 5G желісін коммерциялық негізде іске қосу жұмыстары аяқталуда. Ол 2020 жылы толықтай іске қосылады. Осылай 2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен ЭКСПО-да, ал 2022 жылы аэропорт пен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G технологиясын енгізу жоспарлануда. Одан әрі 2023 жылдан бастап барлық облыс орталықтарында енгізу жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, аталған жобаларды орындау жұмыстарының нәтижесі бойынша 2022 жылдың соңына дейін ҚР халқының 97 пайызы кең жолақты интернет желісімен қамтылатын болады. Қалған 3 пайызы спутниктік технологияны қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі», - дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, интернет желісіне қолжетімділікті ауылдық жерлерде арттыру «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша электрондық денсаулық сақтау, электрондық қызмет көрсету және өзге де жобаларды іске асыру үшін негіз болып саналады.

«Бұл қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға ықпал етеді. Халқымызға цифрлық технологияларды толықтай қолдануға мүмкіндік беріп, ҚР экономикасын дамытуға өз ықпалын тигізетін болады», - деп қорытты ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары