"Доктор Веб – Орталық Азия" ЖШС техникалық қолдау қызметінің басшысы Виталий Бугаев желіде өзіңді қалай қорғаудың 5 тәсілін ұсынды.
Алғашқы тәсіл – бірнеше аккаунтқа әртүрлі құпия сөз қою.
Яғни Бугаевтың айтуынша, интернет алаяқтардан сақтанудың ең қарапайым жолы – сенімді пароль. Құпия сөз әртүрлі әріптен, цифрлар мен арнайы символдан құралуы тиіс.
"Пароль сегіз символдан кем болмағаны абзал. Және ол сөздікте бар белгілі бір сөз болмауы керек, әріптер кездейсоқ таңдалғаны жақсы. Қазір көптеген ресурс парольді енгізген кезде, құпия сөз "әлсіз, орташа" деп көрсетіп тұрады. Оның үстіне, сервистерде екі факторлы авторизация қолданылады. Парольден бөлек, телефоныңызға пин-код жазылған хабарлама келеді. Банктердегі сияқты. Бұл да қауіпсіздік үшін жасалған", –деді.
В.Бугаев бірнеше аккаунтқа бір парольді қолдану алаяқтардың жұмысын жеңілдететінін ескертті. Сондай-ақ егер бір әлеуметтік желідегі парақшаның құпия сөзі жария болса, онда автоматты түрде басқа аккаунттарға да қауіп төнеді.
Ол құпия сөздерді ара-тұра өзгертуге кеңес берді.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда ең танымал құпия сөздер: 123456, 123456789, qwerty, password, 12345, qwerty123, 1q2w3e, 12345678, 111111 және 1234567890. Егерде интернет алаяқтардың арбауына түсіп қалғыңыз келмесе, аталмыш құпия сөздерді қолданбаңыз.
Екінші тәсіл – аккаунтты бұзбай-ақ жеке мәліметтерді ұрлауға болады.
Сондай-ақ Бугаев аккаунттың бұзылғанын қайдан білуге болатынын түсіндірді.
Ең алдымен, сіз желіде отырмасаңыз да, "статусыңыз" онлайн болып тұрады. Сіздің атыңыздан достарыңызға неше түрлі хат, спам жолданады.
Алаяқтар басқа елде отырыпта сіздің жеке парақшаңызды бұзып кіреді. Сол себепті , егер аккаунттта Қазақстаннан емес, Украинадан кіріп отырғаныңыз көрсетілсе, онда тез арада құпия сөзді өзгерту қажет.
Одан өзге аккаунтты бұзбай-ақ, жеке мәліметтерді ұрлаудың жолы бар. Ол – технология әлеуметтік инжиниринг деп аталады.
"Мәселен, сізге біреу хабарласып, өзін банк қызметкері деп таныстыруы мүмкін. Есепшотыңыз бұғатталды, қазір тексеріс жүргізіп жатырмыз деп әңгімеге тартады. Содан кейін ЖСН-ды растауды өтінеді, басқа да мәліметтерді сұрап біледі. Осылайша, құпия ақпаратқа қол жеткізеді. Алданып қалғаныңызды сезбей де қаласыз", – дейді Виталий Бугаев.
Ал егер интернет ресурс болса, онда фишингтік (жалған) парақшаның көмегімен ұрлауы мүмкін. Мұндай сайттардан сақтану үшін компьютерге кешенді антивирус орнатқан жөн.
Одан бөлек, кейбір сайттарға кірген кезде, сізден тіркелуді, яғни поштаның логині мен паролін енгізуді сұрайды. Бұл жағдайда, логин ретінде телефон нөміріңізді немесе электронды поштаның адресін жазасыз. Ал құпия сөзді жаңадан ойлап табуыңыз керек. Өзіңіз қолданып жүрген электронды поштаның паролін жазуға мүлде болмайды. Егер дәл сол поштаның паролін талап етсе, онда бұл алаяқтардың ісі деген сөз.
Үшінші тәсіл – Тегін Wi-Fi арқылы жүзеге асырылады.
Баршамыз қоғамдық орындарда тегін Wi-Fi-ға қосылатынымыз жасырын емес. Ал дәл осы тегін интернеттің компьютерде немесе ұялы телефонда сақталған жеке мәліметтердің ұрлануына себепші болатынын біреу білсе, біреу білмейді. Себебі, мұндай желі жалпыға қолжетімді әрі қорғалу деңгейі әлсіз.
"Тегін Wi-Fi-ға қосылған кезде, операциялық жүйе сізден бұл жалпыға қолжетімді желі ме, әлде жеке ме деп сұрайды. Бәріне қолжетімді екенін көрсету керек. Осыдан кейін операциялық жүйе басқаша жұмыс істей бастайды", - деп түсіндірді маман.
Төртінші тәсіл – аккаунтқа басқа біреудің компьютерінен кіру.
Жеке парақшаға басқа біреудің компьютерінен кіру, сіз ойлағандай, қауіпсіз емес. Кей кезде браузер құпия сөзді сақтап қалады. Осыған мән беру керек. Компьютердегі шаруаңызды жұмысыңызды аяқтағаннан кейін, браузерге кіріп, аккаунттың паролі сақталып-сақталмағанын тексеріңіз. Ал егер сақталып қалса, өшіріп тастаңыз.
Мұндай кезде компьютерде өздігінен жаңарып отыратын антивирустың болғаны жақсы.
Бесінші тәсіл – аккаунт бұзылған жағдай.
Егер жеке парақшаңыз бұзылса, құпия сөзді дереу ауыстыру керек. Алайда, кей кезде алаяқтар сізден бұрын қимылдап, құпия сөзіңізді өзгертіп жіберуі мүмкін. Осыдан кейін сіз аккаунтыңызға кіре алмайсыз. Мұндай жағдайда сервистің әкімшілеріне хабарласып, шағымданаңыз. Олар сізге сілтеме жібереді. Сол сілтеме арқылы өтіп, жаңа құпия сөз ойлап табасыз. Я болмаса ескі парақшаның орнына жаңа аккаунт ашуға болады. Бірақ, ескі аккаунтты алаяқтар пайдаланып, арам пиғылын іске асыруы мүмкін.
Дереккөз: BAQ.KZ