$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда іскер әйелдер мен жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған шара өтті

Шара Алматы қаласының Жетісу ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматының Жетісу ауданында іскер аналар мен жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған шара өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Шара Алматы қаласының Жетісу ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Онда «Бақытты отбасы» орталығында оқыған көп балалы әрі іскер аналар мен жас кәсіпкерлерге «Рухани жаңғыру» және «Бастау-Бизнес» бағдарламалары аясында кәсіппен айналысуға мүмкіндік беретін арнайы сертификаттар табысталды. 

«Бақытты отбасы» орталығының «Бизнес-Бастау» жобасы аясында көпбалалы аналар мен кәсіппен айналысамын деген жандар әртүрлі мамандықтарды игеріп, бүгінде оқуларын тәмамдаған.

Бір айта кетерлігі, «Бақытты Отбасы» аналар орталығында білім алған курсанттарға «Бастау-Бизнес» сертификаттарымен қатар алдағы уақытта грант жеңіп алуға да мүмкіндік туып отыр.  Дәлірек айтсақ, әрбір бітіруші өзінің жеке бизнес-жоспарын жасау арқылы 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алып, жеке істерін аша алады екен.

Осындай грант иегерлерінің бірі, көп балалы ана Еркетай Оңғарбаева мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерді іскер ана болуға шақырады.

«Мен өзім медбикемін, 20 жылдық өтілім бар. Процедуралық кабинетімді ашпақпын. Көпбалалы аналар, үйде отырып уайымға салынып отыра бермеңіздер. Осындай мемлекетіміз сіздерге жақсылық жасап отқан кезде келіңіздер, оқыңыздар, грант алыңыздар. Тегін әр түрлі курстар бар. Бізбен бірге бизнес ашыңыздар», – деді көпбалалы ана Еркетай Оңғарбаева. 

Қазіргі таңда «Бастау-Бизнес» курсына аудан бойынша барлығы 756 қатысушы тіркелген, оның ішінде 21-і көпбалалы ана және 22-сі «Жас кәсіпкер» курсы бойынша оқыған.  

«Мен осы «Бизнес-Бастаудың» жастарға арналған көмегінің арқасында өзімнің шағын бизнесімді бастағым келеді. Сол үшін үкіметке алғыс айтамын, жастарға көрсеткен қолдауына.  Мен өзім жеке массажный кабинет ашқым келеді. Соған жобаларымды өткіздім», – деді болашақ жас кәсіпкер Жеңіс Қыран. 

«Бизнес-Бастау» жобасында сабақтар 3 апта жүреді, 16 мың теңге көлемінде шәкіртақы да төленеді. Тіпті, ары қарай өз бизнесін дамытқысы келетіндерге «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында бизнес-жоспар жасап, 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар жеңіп алу мүмкіндігі де қарастырылған. 
«Біз 2-3 айдың ішінде орталығымыздың базасында 500-ден астам көпбалалы, тұрмысы төмен, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарды жинадық.

Бұл орталық барлық үміткерлерге визаж, шаштараз ісі, пішу мен тігу  және маникюр-педикюр секілді тегін курстарды оқыту арқылы үлкен мүмкіндіктер береді», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданы «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Айгүл Доспалинова. 

Айта кетелік, Жетісу ауданындағы осы жобаның арқасында бизнес негіздерін оқыту курстарын аяқтаған бірінші лектегі 890 түлектің ішіндегі - 150-ден астам көп балалы аналар өз істерін ашуға дайын отыр екен. 
Қазіргі таңда 12 мыңға жуық адам осы жобаға қатысып, қызығушылық танытқан. Ал, «Бизнес-Бастау» курсының мақсаты -  кәсіпкерлерлікті енді бастаған және кәсіпке бейімі бар жандарды жан-жақты оқытып, халықтың әл-ауқатын жақсарту. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары