Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалалық әкімдіктің қолдауымен оқушылар арасында бұрын-соңды болмаған қоғамдық шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматыда бір мезетте 1000 оқушы «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбы бойынша шығарма жазды. Аталмыш шара Алматының Наурызбай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр.
Мұндай ерекше байқауды ұйымдастырудағы көзделген басты мақсат – мектеп қабырғасындағы жас ұрпақтың мақаланы жан-жақты талқылауына және өзіндік ойын білдіруіне жағдай жасау.
Өз кезегінде аудан әкішілігі мен ардагерлер алқасы сынға түскелі отырғандарға сәттілік тілеп, мақаланың маңыздылығын тағы бір мәрте тілге тиек етті.
«Сөз жоқ, Ұлы даланың жеті қыры деген – қазақтың тарихы, қазақ елінің басынан өткізген жақсы қасиетті істері.
Осының барлығын жинақтай келе, Президентіміз біздің халқымызға ұлы сөздерін айтты», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы ардагерлер алқасының төрағасы Мәдениет Каркенов.
Алматының Наурызбай ауданының бұл бастамасына 8 мектептің 9,10 және 11 сынып оқушылары қатысқан. Бұл шара байқау ретінде ұйымдастырылған. Оған ұзын-ырғасы 1000 оқушы қатысқан.
«Сонау ата-бабамыздан мұра болып қалған құндылықтарымызды қастерлеп, ұлттық болмысымызды сақтауға еліміздің тарихын одан әрі жетілдіріп, оның дамуына ат салысып белсенділік танытуымыздың қажеттілігін атап көрсетті», – деді Алматы қаласы №174 мектеп гимназиясының 11 сынып оқушысы Аяжан Қуантаева.
Байқау жеңімпаздары 10 күннен кейін белгілі болмақ. Топ жарған оқушыларға құнды бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Енді ұйымдастырушылар бірегей жобаны қала деңгейінде өткізу мүмкіндіктерін қарастырып отыр.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы қоғам қолдауына ие болып, ежелгі тарихымыз бен мәдениетіміздің қадір-қасиетін танытып, астарын ашып көрсеткен. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы баспасөз бетінде жарық көргелі бері мән-маңызы мен құндылығы үздіксіз талқылану үстінде.
Елбасы мақаласы жарияланғалы бері Республиканың түкпір-түкпірінде түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Алайда, Алматының Наурызбай ауданы бастамашы болып өткізген бұл байқаудың басты ерекшелігі – орта мектептердің 1000 оқушысы бір мезетте ышығарма жазып, «Ұлы даланың жеті қырын» өз пайымынша бажайлайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақта бұл шараны Алматы қаласы көлемінде өткізу жоспарланған.