Бүгін Алматыда қала басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен, ұстаздар күніне орайластырылған ауқымда шара өтті. Шараны Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматыдағы Республика сарайында үздік педагогтарға арналған мерекелік концерт өтіп, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Егемен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін сақтайтын білімді ұрпақтың тәлімгері – ұстаздар», деп сөз бастаған Бақытжан Әбдірұлы алматылық ұстаздарды ұлықтап, олардың қоғамдағы аса маңызды рөлін айтып, жоғары бағалау керектігін жеткізді.
«Халқымыздың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы «Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Жастар тәрбие мен білім беру ісін таразының басындай тең ұстап, креативті идеяларымен қаланың білім саласының дамуына өз үлестерін қосады деп сенеміз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Алматы әкімінің құттықтау сөзінен кейін, жылдың үздік ұстаздары мен педагог ұжымдары марапатталды. Алматы қаласы бойынша 205 мектеп ішінен 10 білім ошағы оза шапқан. Мықты деп танылған ұжым жалақыларына қосымша сыйақы алды.
Сонымен қатар, биылғы республикалық байқауға Алматы қаласынан 4 мұғалім қатысқан екен. Оларға Алматы қаласының әкімі бағалы сыйлықтар табыстады.
Сондай-ақ, бірнеше мұғалімдер ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы марапаттары мен Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгілерін иеленді.
«Негізі аз жұмыс істелініп жатқан жоқ. Дей тұрғанымен, әлі де ескеретін дүние көп. Қазіргі жобаның өзінде де ата-ананың міндетін арттыру мәселесі қаралса екен деймін. Себебі балаға алғашқы тәрбие отбасында беріледі», - деді Еңбек Ері Аягүл Миразова.
«Ұстаз болу - жүректің батырлығы. Ұстаз болу бұл арман тілегім еді. Сол ұстаздық жолымда үлкен жетістіктеріме жетіп, еңбегімнің жемісін көргенім үшін мен үшін өте бақыт», - дейді «Үздік мұғалім-2019» Жанар Құсайынова.
Жалпы бұл үздік педагогикалық ұжым байқауы Алматы қаласына ғана тән конкурс дейді білім басқармасының өкілі. Ол 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Оған жергілікті бюджеттен де қомақты қаржы бөлініп отырады.
Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, қазіргі таңда Алматыда колледж, балақша және меткеп сынды 400-ден астам білім беретін мекеме бар. Онда 32 мыңнан көп педагог еңбек етеді.
Бүгінгі айтулы шараға 3 мың ұстаз қатысты.
Айта кетейік, келесі жылдан бастап Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қалалық деңгейде үздік мұғалімдер байқауы өткізілмекші. Оза шыққан маманға көлік те табысталмақ. Осылайша ұстаздарды көбірек ұлықтау жоспарланған.