Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алматы номад» саяхатшылар клубының қорытынды бас қосуы өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматыда «Алматы номад» саяхатшылар клубы «Туған жер: Туған өлкені аралау» жобасын қорытындылады. Саяхатшылар 5 айда Қазақстанның Шығыс өлкесін аралап шыққан. Атап айтқанда Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған елді жүріп өткен.
«Жастар жылы», «Рухани жаңғыру» аясында ұйымдастырылған бұл жобаға ҚР Тұңғыш Презинденті – «Елбасы» қоры қаржылай қолдау көрсеткен.
Әуелде байқауға 300-ге жуық өтінім келіп түскен. Ұйымдастыру комитеті сол 300 үміткердің ішінен 20 адамды іріктеп алған. Олар байқау жеңімпазы деп табылып, Оңтүстік пен Шығыс Қазақстанның ежелгі жерлерін аралап, Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтің туған жерлерін көріп қайтқан.
Алған әсерлерін саяхатшылар өлең, сондай-ақ мақалалар мен зерттеу арқылы бейнеледі. Жоба 5 айға созылған.
«Біз мотивациясы жоғары жастарды таңдадық. Жолы оңай емес. Әсіресе, Шығыс Қазақстан бойынша.
Жол ұзақ, оның үстіне сапасы нашар. Ешқандай жағдай жасалмаған. Соған төзе алатындарды ғана алдық.
Ал, олардан біз мақала, зерттеу материалдарын талап еттік», – деді «Алматы Номад» саяхатшылар клубының директоры Мәдина Ашилова.
Жоба қатысушылары аталған сапардан алған әсерлерімен бөлісіп, шараның маңыздылығы туралы айтты.
«Маған қатты ұнады. Жаңа достар, жаңа таныстықтар. Өте ерекше сезім. Бұларды тек кітап бетінде ғана көретінмін, оларды көзбен көрі мүлде ерекше екен. Осындай жобалар көп бола берсе, жастарға үлкен мүмкіндік болар еді», – деді жобаға қатысушы Махаббат Болатбекова.
«Алматы номад» саяхатшылар клубы ұйымдастырған осы жолғы танымдық іс-сапар Абай мен Шәкәрім жатқан қасиетті өлке Жидебайдан басталған.
Экспедиция мүшлелері Жидебайдағы Абайдың қорық-музейіндегі және Абайдың немере інісі, қазақ халқының ардақты ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының соңғы қонысы болған Саят қорадағы құнды жәдігерлермен танысып, Абай мен Шәкәрімнің, Абайдың әжесі Зере, анасы Ұлжанның қабіріне барып зиярат еткен.
Одан кейін шежірелі Шыңғыстау бөктерінің тарихымен танысып, Мұхтар Әуезовтың туған жері Бөріліге де ат басын тіреген.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» жобасы аясында жүзеге асырылған бұл экспедиция келер жылы да өз жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар.