Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Жастар жылы» аясында «Текті сөздің төресі - терме» атты қалалық байқау өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматыдағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Текті сөздің төресі - терме» атты жыл сайынғы қалалық байқау мәресіне жетті.
Мемлекеттік тілдің қолданылуы аясын кеңейту, таланатты жастарды жан-жақты қолдау, «жер-терме» ұлттық жанрын жастардың арасында кеңінен дәріптеу, ұлттық жанрды жаңғырту және дамыту, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен өнерін дәріптеу, халық арасында ұлттық мұраларға және рухани құндылықтарға деген қызығушылықты арттыруды алға мақсат-міндет қылып алған бұл байқаудың бүгінгі жеңімпаздары республикалық байқауға жолдама алды.
Байқауға «Жастық, өмір туралы», «Туған жер, қазақ елі, Отан туралы», «Ел бірлігі, Мәңгілік ел, тіл туралы» тақырыптар бойынша Алматы қаласының 8 ауданынан ұзын-ырғасы 24 термеші қатысып, бақ сынасты.
Күмбір көмей, бұлбұл үнді өнерпаздардың шеберлігіне тіл мамандары, қоғам қайраткерлері мен республикаға аты мәшһүр жыршы-термешілер төрелік етті.
Байқауға қатысушылардың өнерін бағалау кезінде олардың терме орындаушылық шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына, киім сәніне баса назар аударылды.
Байқаудың жүлдегерлері мен қатысушылары арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады.
«Байқаудың негізгі мақсаты – әсіресе, жастар арасында сөз өнерін, оның ішінде қазақтың ұлттық терме өнерін насихаттау. Сол арқылы біздің шұрайлы, қасиетті қазақтың бай тілін насихаттау»,- деді Алматы қаласы әкімдігі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Әбиірұлы.
Белгілі жыршы-термешілер баланың мектепке алғашқы қадамы ұлттық құндылығымыз термеден басталуы керек деген пікірде. Бастауыш сыныпта терме тыңдап өскен баланың болашағына үлкен үміт артуға болады дейді.
«Біз тыңдаушыны мектеп қабырғасынан қалыптастыруымыз керек. Себебі, бізде музыка мектебі мектеп қабырғасында баяғы советтік жүйемен қалып қойған. Өйтуге болмайды.
Егеменді ел болдың ба өзіңнің тарихыңды, өз тамырыңды тануың үшін сен біріншіден халық әндерімен өссе мектепте біздің он жылдан кейін тыңдарманымыз дайын деген сөз», - деді дәстүрлі әнші Тілеулес Құрманғалиев.
Көмейіне бұлбұл ұялаған өнерпаздардың шеберлігіне тіл мамандары мен жыршы-термешілер төрелік етіп, байқау жүлдегерлері мен жеңімпаздарына арнайы диплом мен қомақты қаржылай сыйлық табысталды. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар республикалық байқауға жолдама алды.