Алматы қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Наурызбай ауданының № 187 орта мектебінде қазақстандық жазушы Герольд Карлович Бельгердің 85 жылдығына орай көшпелі экспозиция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жазушының Мемориалдық кабинетінен алынған материалдардан көшпелі экспозицияны ҚР Ұлттық кітапханасы арнайы апарды. Көрмеге Герольд Бельгердің Мемориалдық кабинетінен жеке заттары: портреттері, фотосуреттері, үстел шахматы, киімдері, кітаптары және басқа да экспонаттары қойылды. Сондай-ақ, іс-шарада ҚР Ұлттық кітапханасындағы Г.Бельгердің кабинеті туралы фотокөрме ұсынылды. «Қазақстан кітаптары» қызметінің жетекшісі М.Жаркналова Мемориалдық кабинеттің қызметі туралы айтып, экспозициямен таныстырды.
Іс-шараға жазушының жұбайы мен қызы Р.Хисматуллина, И.Ковалева, белгілі қазақстандық ақын З.Кдралина арнайы келіп, қонақ болды.
«Осындай маңызды шара ұйымдастырып, жазушының атын ардақтап жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Герольд Бельгер халықтың жазушысы болды. Бүгінгі шараның мектеп қабырғасында өтуінің өзі оң деп білемін. Себебі Бельгердей жазушыны мектеп оқушылары оқуы керек, тануы керек, білуі керек. Жаным қазақ дейтін жазушыны қалай құрметтесек де жарасады. Ол өз ұрпағына байлық емес, туған еліне мол мұра қалдырды» деп тебірене сөйледі жұбайы Р.Хисматуллина.
Іс-шара ардагерлер мен студенттердің орындауындағы әдеби-музыкалық композициямен сүйемелденді. Аталған іс-шараны Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы «Ардагерлер ұйымы» ҚБ және № 187 орта мектептің ұйымдастыруымен жүзеге асып отыр.
Айта кетейік, көшпелі экспозицияға Г.Бельгердің туыстары, қала жұртшылығы, Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімдігінің өкілдері, мектеп оқушылары және тұрғындар қатысты.
Наурызбай ауданының әкімдігенен арнайы қатысқан өкілдері жазушының елі үшін сіңірген еңбектеріне тоқталып, оның жары мен артында қалған ұрпағына, туыстарына кешке қатысқандары үшін алғыс айтты.