Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстанның атақты мүсіншісі Бақытжан Әбішевтің «Дала үні» атты мемориалдық көрмесі ашылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Дала үні» көрмесі Құрманғазы атындағы қазақ консерваториясының студенттерінің орындауында күймен ашылды. «Қазақтың қай өнері болса да, бағалап білетін халықпыз. Сондықтан Бақытжан ағамыздың туындылары бүгінде музейіміздің төрінде тұр деп есептеңіздер» деп, сөз басын ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары ашып берді. Сонымен бірге, музей атынан алғысын білдіре отырып, Бақытжан Әбішевтің аяулы жары Шәмшәгүл Меңдияроваға сыйлықтарын ұсынды.
Шәмшәгүл Меңдиярова өз сөзінде «Жұбайым көзі тірісінде Ақтау, Атырау, Алматыда көрмелерімді өткізсем деп армандады. Атырау мен Ақтауда ұйымдастырдық. Енді, міне, Алматыда өтіп отыр» дей келіп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Бақытжан Әбішев ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Ленин комсомолы сыйлығының және халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақ халқының мүсіндік өнеріне үлкен үлес қосып, қалың жұртшылықтың көңілінен орын таба білген жан. Оның қолынан шыққан кез келген мүсіннің өзіндік ерекшелігі мен астары бар.
Атап айтсақ, Атырауда орналасқан «Исатай мен Махамбет», «Исатай Тайманұлы», Ақтөбеде орналасқан «Әлия Молдағұлова», Алматыдағы «Жамбыл Жабаев», «әл-Фараби» сынды ірі мүсіндердің авторы. Бүгінде оның өз қолымен жасаған мүсіндері танымал өнер туындыларына айналды десек те қателеспейміз. Себебі тас пен қола дәуірінің кезеңін аңғартатын қыш пен қоладан жасалған туындылары халық көңілінен шығып, бүгінде ҚР Мемлекеттік орталық музейінің төрінде тұр.
«Мүсінші ескерткіштерді жасау кезінде бүкіл жанын салып, тақырыпты ашуға тырысатын нағыз шебер болған,» деп еске алады әріптесі, профессор Қалдыкүл Оразқұлова.
«Мүсінші тек қана портреттік ұқсастықтарға ғана көңіл бөлмейді, ол мүсін өнеріндегі белгілі бір образдарды ашып көрсетеді. Яғни, бұл жұмыстар жалпы біздің мына ұжымдық естеліктерімізді қозғайтын, соларға ой салатын, соларды қайта тудыратындай бір сезімдерді оятатындай
шығармашылықтарымен байланысты» дейді Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Қалдыкүл Оразқұлова.
Айта кетейік, «Дала үні» атты мемориалдық көрмесі 30 қазанға дейін жалғасады.