Жанар Дұғалованың туған сіңлісі жазушылық қырымен танымал. Таяуда Айжан үшінші кітабының тұсауын кесті, деп хабарлайды Shownews.kz.
Айжан Дұғалова «Моя Индира» деп аталатын тың туындысын бақилық болған нағашы әпкесінің құрметіне арнап жазыпты. Автордың айтуынша, ойда-жоқта ол ең жақын адамынан айрылып қалады.
«Кішкентайымнан Индираның қолында өстім десем де болады. Жас айырмашылықтарымыздың үлкендігіне қарамастан, екеуіміз жақсы сырлас құрбыдай едік. Индира осыдан 3 жыл бұрын, 43 жасында ажал құшты. Оның жоқтығы, бәрінен бұрын менің жаныма қатты батты. Аталмыш туында эмоцияларға толы. Оқырмандар арасында жақынын жоғалтқандар болса, тұсауы кесілген осы кітап арқылы жан жарасын жазып, өмірге деген құлшынысын оятуына әбден болады», – дейді кіші Дұғалова.
Туған әпкесі өмірден озған, қос жанарынан бірдей айырылған Қуат өмірдің мәнін әлдеқашан жоғалтқан. Романның желісі осындай. Басты кейіпкердің өмірін Айжанның өз тағдырымен ұштастырған.
«Еркек пен әйел жаратылысы бір-бірінен сөзсіз ерекшеленеді. Бұл туындымда ер адамның жан-дүниесіне еніп, психологиясын байқап көргім келді. Дәл осы кітапты жазуды қалай қолға алғанымды білмеймін. Бірақ, кітаптағы Қуаттың образы кенеттен пайда болды», – дейді автор.
Айжанды жазушылыққа бағыт алады деп ешкім күтпеген. Жанардың ата-анасы кіші қызы да шоу бизнестің бір кірпішін қалайды деп сенген. Алайда, кіші Дұғалова сахнадан гөрі, жазушылық жолды таңдаған.
«Мені екінші Жәмилә Серкебаева болады деп сенген. Кішкентайымнан скрипка үйірмесіне үзбей қатыстым. Бірақ, Жанар сияқты өнер жолын таңдамадым. Мен «екінші Жәмилә» емес, болашақта «екінші Олжас Сүлейменов» болуға бел будым. Шоу-бизнес – менің қалауым емес. Бір үйден бір әнші Дұғалова бар, сол да жетеді»,– дейді Жанардың сіңлісі.
Шығармаларын өз өмірі мен жақындарына арнаған Айжан, туған әпкесі Жанар жайлы қалам тербемек болғанын айтады. Алайда, үлкен Дұғалова қарсылық танытқан.
«Жанар туралы кітап жазбаймын. Себебі, мен туралы ештеңе жазбашы деп өтініш айтты. Дегенмен, бұл арамыз жақсы емес деген сөз емес. Біз, әпкелі-сіңіліден бөлек, құрбы ретінде де сырласамыз. Әркез қолдау көрсетіп отырады», – дейді автор.
Жанар Дұғалова сіңлісінің қуанышында бой көрсетпеді. Оның да өзіндік себебі бар көрінеді.
«Жанар қазір Америкада іс–сапармен жүр. Келе алмағанына түсініспеушілікпен қараймын», – дейді кеш иесі.