Алматыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жыр жампозы Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеште Бақытжан Сағынтаевтың атынан ақынның ұрпақтарына құттықтау хат табыс етілді.
Хатта Ілияс Жансүгіровтің қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің жарық жұлдызы екені жазылған.
Салтанатты шарада Айгүл Қосанова, Рамазан Стамғазиев сынды өнер жұлдыздары ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді орындады. «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбль де өнер көрсетті.
Қазақтың маңдайына өлең бітсе, өлеңнің маңдайына бітіп ең сен» деп белгілі ақын Тұрсынзада Есімжанов айтқандай, күллі қазаққа таныстыруды қажет етпейтін тұлғаның бірі – Ілияс Жансүгіров.
Ташкент, Алматы, Мәскеу шаһарларында білім алып, өнерімен де, қоғамдық-саяси қызметімен де халқының көркеюіне зор пайдасын тигізген Ілияс ақын ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен журналистикасына зор еңбек сіңірді.
Өткен ғасырдағы қазақ басына төнген ауыр нәубеттің бірі – 1937 жылғы сталиндік репрессия болса, соның құрығына алғаш түскен қазақтың ардақты перзенттерінің бірі де Ілияс Жансүгіров болды. Дегенмен, заманның қиындығы мен жүйенің қиянаты арда туған асыл перзентін халықтың жадынан біржола өшіре алмады. Ақынның туындылары ел арасында «мұқабасыз кітап» күйінде қолдан қолға өтіп, оқылып жатты. Кейін кеңестің қанды қырғындардың ұйымдастырушысы әрі дем берушісі И.В.Сталин өліп, КСРО жаңа басшылықтың қолына өткен «жылымық» кезеңде өзге қазақ тұлғаларымен бірге саяси жақтан ақталған Ілияс та халқымен қайта қауышты.
Биыл ақынның туғанына 125 жыл толып, осыған орай қазақ елі бір жылда туып, бір жылда өмірден өткен Сәкен, Бейімбет, Ілиястың мерейлі мерекесін жан-жақты атап өтіп жатыр.
Мерейтой қарсаңында ақын шығармаларының 20 томдығы жарық көрді. Сонымен қатар, жазда Ресейге арнайы экспедиция ұйымдастырылған болатын. Жұмыс тобы Мәскеу, Санкт-Петарбор қалаларындағы мұрағаттан Ілияс Жансүгіровке қатысты бұрын-соңды жарияланбаған тың деректерді жинап қайтқан.
Айта кетейік, көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына арналған Республикалық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылған болатын. Бұл шара да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізіліп отыр.