Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысына қатысты іс бойынша 6 күдікті анықталды, деп хабарлады КТК арнасы.
Олардың төртеуі әкімдіктің бұрынғы лауазымды қызметкерлері болып шықты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі атышулы істің мән-жайын жариялады.
Сергей Перов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры:
- Тергеу жалғасып жатыр. Сараптамалар аяқталуға жақын. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі де артты – 1 миллиард теңге.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, жеңіл рельсті көлік құрылысына бөлінген ақшаны жымқырды деп күдікке ілінгендер қамауға алынбаған. Олардың бірі – «Astana LRT» компаниясының экс-басшысы Талғат Ардан. Ол қазір жасырынып жүр. Интерпол қашқынға халықаралық іздеу жариялады. Ал қалған күдіктілер тергеліп жатыр. Бюджет ақшасын қалтаға басқандар туралы хабар берген азаматтар енді ақшалай марапатталуы мүмкін. Мұндай бастаманы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы мәлімдеді. Алик Шпекбаев сыйақы мөлшерін де айтты: шенеуніктің 2 жарым миллион теңгеден аса пара алғаны туралы ақпарат берген адамға сол соманың 10 пайызы беріледі. Сыйақының ең аз мөлшері – 250 мың. Ал шекті мөлшері – 10 миллион теңге.
Алик Шпекбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Ел азаматтарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс жүргізуге ынталандыру мақсатында сыйақы беру бастамасын қолға алуды ұсынамын. Бастаманы барлық мемлекеттік орган қолдады. Жақын уақытта Үкіметте тиісті қаулы шығарылады.