Сәбидің жыныс мүшесін анықтау үшін сотқа жүгінуіне тура келді! Алматы тұрғыны сәбиінің құжатын қыз деп өзгерткісі келеді. Перзентханадағылар нәрестені о баста ұл деп айтып, ата-анаға ер баланың куәлігін ұстатқан екен. Алайда уақыт өте келе шақалақ қызға айналып келе жатыр дейді анасы, деп хабарлайды Skifnews.kz "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Миллионнан бір кездесетін жағдайға тап болған Мельниковтер отбасы баланың құжаттағы аты-жөні мен жынысын ауыстыруға сотқа келді. Қателік жіберді деген күдікпен перзентхана қызметкерлері де сотқа шақыртылыпты. Сөйтсе, дәрігерлердің еш кінәсі жоқ екен. Сегіз айлық сәби өте сирек кездесетін генетикалық дертке шалдыққан. Яғни, дүние есігін ашқанда шақалақ шынымен ұл болған, бірақ толық емес. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген дәрігерлер ақылдаса келе, ақыры нәрестені ұл деп жазыпты. Ата-анасы да онымен келісіп, балаға Максим деп ат қойған. Алайда уақыт өте келе сырқатына байланысты гормон дәрілер ішіп жүрген сәби қызға айналып, туыстары Анна деп атай бастапты. Генетикалық ауытқуы бар Анна толық қыз да емес. Сонда да ата-анасы сырқат сәбилерін ең болмаса құжатта «қыз» деп көрсеткісі келеді.
Кристина Бобенко:
- Қыз тапқаныма сенімдімін. Даусы, жылағаны, күлгені – қыздың қылығы. Құжаттан әбден қажыдық. Жеделжәрдем шақыртсақ, «куәлікте ұл деп тұр, ұл қайда» деп сұрайды. Осы түсінбеушіліктің кесірінен тегін медициналық көмек ала алмай келдік. Енді құжатымызды тезірек реттеп берсе деп сұраймыз.