Қарағандыда "Абсолют-Қазақстан" сауда орталығы өртеніп, құтқарушылар 22 адамның қауіпсіз жерге шығарылғанын мәлімдеді. Бұл жайында Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлап отыр.
"Өрт туралы хабар диспетчерге 21 желтоқсан күні кешкі 17:19-да келіп түскен. Жалын Бұхар Жырау көшесіндегі "Абсолют-Қазақстан" сауда үйінің ағаштан жасалған шатыры мен екінші қабатындағы бутиктерді шарпыған. Тілсіз жаудан біраз тауар өртеніп кетті. Өрт болған жердің аумағы шамамен 1400 шаршы метрді құрайды. Барлығы 22 адам құтқарылды" делінген аталған хабарламада.
Өртті сөндіруге барлығы 90 маман мен 24 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, қаланың коммуналды қызмет өкілдері мен полицейлер де атсалысыпты. Атап айтқанда, оқиға болған жерді қоршау үшін ішкі істер басқармасының 143 қызметкері мен 16 техникасы тартылды.