03.11.2019, 16:39

Әлемдегі туристер таңырқай қарайтын ерекше 4 тағам (ФОТО)

Фото: pixabay.com
Әркімнің талғамы әртүрлі. Өзге елге қыдырып барған туристер тағамдарына таңырқай қарайтындай өзгеше болуы мүмкін.

Әркімнің талғамы әртүрлі. Өзге елге қыдырып барған туристер тағамдарына таңырқай қарайтындай өзгеше болуы мүмкін. Мынадай тағам түрлері туралы естіп пе едіңіз? 

Отаи 

Кокос, манго, қарбыз, ананас қоспасынан ауыз тиер ме едіңіз? Тынық мұхитын жағалаған Тонга аралының халқы бұл дәстүрлі сусынды сүйіп ішеді. Сусын сондай тәтті болғанына қарамастан, кейде оған қант қосылады. Сонымен қатар отаи сусының жасалу технологиясы да аса маңызды. Оның құрамындағы қарбыз бен манго блендерден өткізілмейді. Қарбыздың шырынын қасықпен қырып алады да, мангоны қарапайым үккіштен өткізеді.

Кетупат

 

Пальма жапырақтарынан тоқылған қорапша пішініндегі тәтті нәрсені жегіңіз келе ме? Ал бұл Оңтүстік-Шығыс Азияның Малайзия, Индонезия сияқты елдерінің дәстүрлі тағамы. Ішіне суланған күріш салынады. Жапырақтар қорапшасы тұздалған ыстық суға салынып, барлығы баяу отта 4-5 сағат қайнатылады. Одан соң бірден салқын суға салынады.

Хаггис 

Бір қарағанда өзіміздің сүйіп жейтін бұжыға ұқсайды. Шотландияның бұл дәстүрлі асы бүкіл әлемге танымал. Қойдың қарнына ішек-қарын, өкпе-бауыр салып, суда қайнатады. Дәмдеуіш ретінде сұлы жармасы, пияз және басқа да татымды қоспалар салынады. Шамамен үш сағат аралығында дайындап, картоп езбесімен бірге ұсынады.Бұл кезінде әл-ауқаты нашар адамдардың асы саналған, ал қазір қымбат мейрамханаларда сатылады.

Билтонг 

Бұл сиырдың жон етінен маринадтап жасалған тағам. Кейде сиыр орнына бөкен не түйеқұс еті қолданылады. Маринадтауға сірке суы (уксус), тұз және құрақ қантты (тростниковый сахар) қолданады. Одан соң бұл ет күн астында бірнеше күн қақталуы тиіс.

Дереккөз: Massaget.kz