Алматы маңындағы құрылыс базарынан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.
4 қараша күні 16:46-да өрт сөндіру қызметіне Алматы облысы Қарасай ауданында «Алматы-Бішкек» тасжолының бойындағы «Барыс-3» құрылыс базарының аумағында құрылыс материалдары бар қоймада өрт тұтанғаны туралы хабар түскен.
Өрт сөндірушілердің алғашқы тобы 16:50-де жеткен кезде қойманың өртке оранып жатқанын көрген.
Қолданылған шаралардың арқасында жалын 17:42-де ауыздықталып, 19:09-да сөндірілді. Тілсіз жау 500 шаршы метр аумақты шарпыған. Оның неден шыққаны анықталып жатыр.
Өртті сөндіруге Алматы облысы және Алматы қалалық ТЖД жеке құрамның 28 адам мен 8 техника, жергілікті атқарушы органдардан су таситын 3 көлік тартылды.