$ 494.87  520.65  4.91

Кореяда бала қағып, қашып кеткен қазақстандықтың ісіне қатысты сот қарашада өтеді

Кореяда жеті жасар баланы көлігімен қағып кеткен қазақстандық өзі жалдаған адвокатпен байланысқа шықты.
Фото: Sputniknews.kz
Фото: Sputniknews.kz

Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық жігіттің ісі бойынша алғашқы тыңдау қараша айының ортасында өтеді. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, іске қатысты тергеу аяқталған.

"Алғашқы тыңдау қарашаның ортасына жоспарланып отыр. Ертең ол өзі жалдаған адвокатпен кездеседі", - деді Смадияров брифингте.

Оңтүстік Кореядағы жол апаты

Оқиға осы жылдың қыркүйегінде болды. Чханвонда 20 жастағы қазақстандық дүкеннен шығып, үйіне бара жатқан 7 жасар баланы қағып кеткен. Салдарынан баланың басына қан құйылды. Ал жас жігіттің көлігі оқиға орнынан бірнеше шақырым жерден табылды.

Жергілікті полиция күдіктінің келесі күні Инчхон әуежайынан ұшып шыққанын хабарлады. Кейінірек қазақстандықтың Павлодарда жүргені анықталды.

14 қазанда Қазақстан азаматы өз еркімен Сеулге барды.

Корея тарапы жол апатына кінәлі адамға қатысты құжаттарды Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне жолдаған. Сыртқы істер министрлігі оны Қазақстанның бас прокуратурасына тапсырды.

Жол-көлік оқиғасына қатысты мәселе екі елдің құқық қорғау органдары арасында құқықтық алаңда шешіледі. Қазақстанның 20 жастағы азаматы бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Шетелдіктер үшін жаңа ереже

Оңтүстік Корея осы жол апатынан кейін елде заңсыз жүрген шетелдіктер үшін елден шығу ережелерін күшейтті.

Бұған дейін заңсыз иммигранттар билікке елден шығатыны туралы дәл сол күні хабарлап, өз бетімен кете беретін еді.

Жаңа ережеге сәйкес, енді олар 3-15 жұмыс күні ішінде иммиграция орталығына немесе шетелдіктер орталығына барып, елден шығатынын алдын ала ескертуі тиіс. Осы уақыт аралығында билік олардың қандай да бір қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп шығады.

Бұдан бөлек, билікке хабар бергеннен кейін, шетелдіктерге елден шығатын күнін өзгертуге тыйым салынды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары