Алматы облысындағы Еңбек ауылында бастауыш сынып оқушылары төрт бөлмелі ескі білім ордасында білім алуда. Спорт залы, акт залы мен асхананы айтпағанда, мұнда мұғалімдер отыратын кабинет жоқ. Тіпті, кей сабақтар дәлізде оқытылады. Заманауи технологиямен мүлдем қамтылмаған мектепте балалар интерактивті тақтаны өмірі көрмепті деп хабарлайды КТК арнасы.
Еңбек ауылындағы жалғыз мектепте 85 бала оқиды. Мектепте төрт-ақ бөлме бар. Оның біреуі медициналық кабинет. Аядай кабинетте медбикемен қоса мұғалімдер де отырады. Ал қалған үш бөлмеде оқушылар сабақ өтеді. Алайда оған сыймаған соң кей пәндер дәлізде оқытылады екен.
Білім ордасында мәдени шаралар ұйымдастырылмайды. Себебі, оған да орын қарастырылмаған. Мектептің спорт залы мен асханасы да жоқ. Ал күн суықта балалар дене шынықтыру пәнін партада отырып өткізеді.
"Ешқандай асхана да, спортзал да жоқ. Мектеп 1984 жылы салынған. Сол уақыттан бері ешқандай күрделі жөндеу көрмеген", - дейді мектеп мұғалімі Айгүл Ұлбекова.
Нысан әлі күнге дейін көмірмен жылытылады. Ал оқушылар күннің суығында даладағы дәретханаға баруға мәжбүр екен.
Телеарнаның хабарлауынша, мектеп заманауи технологиямен де қамтылмаған – бірде-бір интерактивті тақта жоқ.
"Жаңаша дүние демекші, ешқандай дүние жоқ. Бәрі соғыстан қалып қалған дүние секілді. Хәл мүшкіл, өте мүшкіл деп айтуға болады", - дейді Еңбек ауылының тұрғыны Гүлхан Махай.
Жоғары сынып оқушылары көрші ауылдағы мектепке қатынайды. Шенеуніктер оларды тасымалдайтын газель көлігін бөлген. Алайда оның өзі кейде тоқтап қалады дейді ауыл тұрғындары.
"Автобус деген жоқ, бір күні келсе, бір күні жоқ. Балалар боранда, жаңбырда, күннің суығында екі ортада дірдектеп жүр. Балаларды аяп, үкімет бізге жақсылық жасап, кішкентай болсын мектеп салып берсе дейміз", - дейді Еңбек ауылының тұрғыны Оразхан Жартанова.
Бұл мәселені айта-айта шаршаған жұртқа үш жыл бұрын жаңа білім ордасы уәде етіліпті. Шенділер 450 орындық мектеп тұрғызып беру туралы бүгін де серт берді. Оған үш гектар жер телімі бөлініп қойған көрінеді.
"Бюджеттен қаражат бөлінсе, 450 орындық оқушыға арналған үлкен, заманауи, халық талабы бойынша салынады. Мен сіздерге міне, келесі жылы салып береді деп айта алмаймын. Құжаттамалары рәсімделіп жатыр. Құжаттамалары жасалып бітеді, сосын жобалау құжаттамасына қаражат бөлінуі керек", - дейді Іле аудандық білім бөлімінің бас маманы Қаламқас Сәрсенбаева.