$ 443.85  474.3  4.8

Атырауда құмаршық дәніне ескерткіш қойылды (ВИДЕО)

Биіктігі 4 метр композицияда алдымен дөңгеленген дән көзге түседі.

Атырауда құмаршыққа ескерткіш қойылды, деп хабарлады АстанаТВ. 

Құмды-шағылды жерде өсетін бұл өсімдіктің дәнін ашаршылық жылдары халық бидайдың орнына азық еткен.  Қуырып, диірменге тартып, нан пісірген. Еліміздің шағылды аумақтарында өсетін құмаршықты ,әсіресе, Нарын бойы халқы көп пайдаланған деген дерек бар. Аштық зұлматынан аман алып қалған құмаршыққа қойылған  ескерткіш -  ұлт тарихына  деген құрмет,- деді  салтанатқа жиналғандар. 

Биіктігі 4 метр композицияда алдымен дөңгеленген дән көзге түседі. Бұл - сонау зобалаң жылдары халық диірменге тартып, талқанынан көже пісірген құмаршықтың дәні. Ескерткіштің алдыңғы бөлігінде өсімдіктің шөбі, тостағанда дәні бар қазақ әйелі мен  ашаршылықтан аман қалған ұл мен қыздың  бейнесі бар.  Ескерткіш гранит пен қоладан тұрғызылған.    

"Бұл -  осы бағыттағы алғашқы туындым. Мені қызықтырғаны  мұнда тарих жатыр. Өсімдіктің пайдасы қандай болды? деген сауал мені осы жұмысты атқаруға итермеледі. Композиция бірден пайда болған жоқ. Негізгі идеяға келгенше екі жарым жыл жұмыстандық.  Көптеген варианттар ұсынылды, көптеген мүсіншілер қатысты", - деді Қазақстан сәулетшілер одағының мүшесі Асылбек Мұхаметжанов.

Аңыз бойынша, құмаршық ботасын іздеп боздаған аруанадан тамған бір тамшы сүттен пайда болыпты. Ескерткіштің ашылуына келген қариялардың айтуынша, ата-бабамыз тікенді өсімдікті шауып, кептіріп, дәнін бөліп алатын уақытты қатаң сақтаған. Олар құнарлы құмаршықтың  дәнін жинау процесі өте қиын екендігін еске алады.  

"Қазақ халқының көбеюіне септігін тигізген өсімдік. Ал сондай өсімдікке біз қалайша ескерткіш қоймаймыз. Бұл өсімдік  туралы, егер де ғаламтордан іздесеңіз, ешқандай  дерек жоқ. Бір ғана дерек бар, құмаршық  далада, құмда ғана өседі, мал азығы,- дейді.Бірақ оны қазақ халқының азық , құнарлы тағам ретінде  пайдаланғанын көп жерде айтпайды. Айтатын жер - ол Атырау облысының тұрғындары", - деп түсіндірді ескерткіштің идея авторы, журналист Тұрсын Қалимова.

Айта кетейік, «құмаршық дәні» композициясы поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова ескерткішінің маңында, шаһардың орталық көшелерінің бірінде тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары